Кеген ауданының «Жастар» саябағында «Саябақтар шеруі – 2025» экологиялық акциясының ашылу салтанаты өтті. Аталған шара республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, аудан әкімдігі мен «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бірлесе өткізді.
Акцияның басты мақсаты – табиғатқа ұқыпты қараудың маңыздылығын еске салу, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау.
Іс-шара барысында саябақ аумағына 50 қайың мен 35 Шренк шыршасының көшеттері отырғызылды. Бұл өңірдің флорасын қалпына келтіруге және биологиялық әртүрлілікті сақтауға қосылған нақты үлес болды.
Салтанатты жиында аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев құттықтау сөз сөйлеп, қоршаған ортаны қорғау – барша қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Оның айтуынша, табиғатқа жанашырлық нақты әрекеттерден көрініс табуы тиіс.
Шара барысында «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің директоры Бақыт Жүнісов, Кеген орман шаруашылығының басшысы Айболат Әскербекұлы және О. Жанабаев атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Ерасыл Баққожа өз ойларымен бөлісті. Олар мұндай бастамалардың жас ұрпақты табиғатты сүюге, жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеудегі маңызын атап өтті.
Мереке шағын концерттік бағдарламамен жалғасып, қатысушылар арнайы белгіленген аумақтарға ағаш отырғызу жұмыстарын жүргізді.
Айта кетейік, «Саябақтар шеруі» акциясы аясында ағаш отырғызу, өзен-көл жағалауларын тазарту, балалар мен жасөспірімдерге экологиялық тәрбие беру бағытындағы шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Табиғаты бай, туризмге әлеуеті жоғары Кеген ауданы үшін осындай экологиялық акциялардың маңызы зор. Олар аймақтың табиғи мұрасын сақтап қана қоймай, тұрғындар мен қонақтардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырады. Табиғатты аялау – өңірдің туристік тартымдылығы мен экономикалық дамуына тікелей әсер ететін маңызды фактор.
Айта кету керек, «Саябақтар шеруі» алғаш рет 1990 жылы АҚШ-та бастау алып, бүгінде әлемнің көптеген елдерінде өткізіледі. Қазақстанда бұл акция 1996 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.