
Үкіметтік емес ұйымдардың басшыларына арналған хабарлама
Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҮЕҰ қызметі туралы мәліметтерді ҮЕҰ дерекқорына ұсынудың жаңа мерзімі басталғанын хабарлайды. Қазақстан Республикасының «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңының 41-бабының 5-тармағына сәйкес, бұл мәліметтер жыл сайын 31 наурызға дейін ұсынылуы тиіс.
ҮЕҰ дерекқорына мәліметтерді қабылдау «infonpo.gov.kz» мекенжайынан автоматты түрде қайта бағыттау арқылы жаңа «esep.govtec.kz» цифрлық платформасында жүзеге асырылады. «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйымдар жыл сайын 31 наурызға дейін өз қызметі туралы мәліметтерді ҮЕҰ дерекқорына ұсынады.
Сонымен қатар, жаңа порталдың жұмыс істеу барысында туындаған техникалық ақауларға байланысты ҮЕҰ дерекқорына есептерді қабылдау уақытша тоқтатылды.
Осыған байланысты, техникалық ақау актісінің және ақпараттық жүйенің дұрыс жұмыс істемеуінің негізінде ҮЕҰ дерекқорына мәліметтерді қабылдау мерзімі 2026 жылғы 30 сәуірге дейін ұзартылды.
ҮЕҰ дерекқорына мәліметтерді ұсыну мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және мемлекеттік гранттар шеңберінде әлеуметтік бағдарламалар мен (немесе) жобаларды іске асыру конкурстарына қатысудың, сондай-ақ ҮЕҰ-ға арналған сыйақыларды алудың міндетті шарты болып табылады.
Мәліметтер ҮЕҰ қызметі туралы мәліметтерді ұсыну және олар туралы дерекқорды қалыптастыру қағидаларына сәйкес ұсынылады.
Мәліметтерді ҮЕҰ дерекқорының интернет-порталы арқылы ұсынуға болады: https://esep.govtec.kz/npo (интернет-порталда авторизация заңды тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы жүзеге асырылады).
Интернет-порталға кірген кезде порталмен жұмыс істеудің қадамдық алгоритмі көрсетілген нұсқаулық қолжетімді.
Назар аударамыз, ҮЕҰ дерекқорына мәліметтерді ұсынбағаны, уақтылы ұсынбағаны немесе дұрыс емес, не көрінеу жалған мәліметтер ұсынғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік көзделген.
Құрметпен,
«Алматы облысы Жамбыл ауданының ішкі саясат бөлімі» ММ