Жаңа инвестициялар: "QazElastoPlast" ЖШС автокомпоненттер мен автокөлік қосалқы бөлшектерін өндіретін зауыттың ашылуы
Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Теміржол ауылдық округінде еліміздің автоөнеркәсібін жаңа деңгейге көтеретін маңызды нысан – «QazElastoPlast» ЖШС автокомпоненттер мен автоаксессуарлар шығаратын зауыттың ресми ашылу салтанаты өтті.
Жаңа өндіріс орны заманауи технологияларға негізделген және Қазақстанның көлік саласын дамытуға, импортты алмастыруға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.
Салтанатты рәсімге мемлекеттік органдардың өкілдері, серіктес компаниялардың жетекшілері және отандық автоөнеркәсіп саласының мамандары қатысты. Қонақтар қатарында: «Астана Моторс» компаниясының Бас директоры – Бекнұр Несіпбаев, “Hyundai Auto Kazakhstan” компаниясының Бас директоры Марат Смағұлов, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ақниет Туматаев болды.
Алдымен жаңа нысанның лентасы қиылды. Сонымен қатар, зауыттың өндірістік қуаттылығы, алдағы жоспарлары таныстырылып, «QazElastoPlast» пен серіктес ұйымдар арасында ынтымақтастық келісімшарттарға қол қойылды.
Аталған кәсіпорын алғашқы кезеңде жылына 5 мыңнан астам автоқұрамдас бөлшектер жиынтығын өндіреді. Ал 2027 жылға қарай өнім түрлерін 100-ден астам модельге жеткізіп, өндіріс қуаттылығын 230 мыңнан аса жиынтыққа ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, бұл өндіріс орнының іске қосылуы Жамбыл ауданының экономикасына серпін беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, аудан халқының әл-ауқатын жақсартуға зор мүмкіндік береді.
Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз қызметі.