Жамбыл ауданында Жолдасхан Құрамысовтың 80 жылдығына арналған еске алу кеші өтті

Жамбыл ауданында Жолдасхан Құрамысовтың 80 жылдығына арналған еске алу кеші өтті

Жамбыл ауданында Жолдасхан Құрамысовтың 80 жылдығына арналған еске алу кеші өтті

 

Жамбыл аудандық Мәдениет үйінде ҚР Мәдениет қайраткері, Алматы облысының және Жамбыл ауданының «Құрметті азаматы», ақын, сазгер, журналист Жолдасхан Әукенұлы Құрамысовтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Өмір-ай» атты еске алу кеші өтті.

Бұл тағылымды шараға зиялы қауым өкілдері, жергілікті билік пен мәдениет саласының қызметкерлері, өнерсүйер қауым және Жолдасхан Құрамысовтың шығармашылығына құрметпен қарайтын жандар қатысты.

Кеш шымылдығы көрнекті қайраткердің ғибратты өмір жолына арналды. Құрамысов Жолдасхан Әукенұлы 1945 жылы 25 мамырда Қастек ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1964 жылы Жамбыл аудандық Мәдениет үйінде үйірме жетекшісі ретінде бастап, өнер мен мәдениет саласында жемісті еңбек етті. 1976 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әдебиет пен өнерге деген сүйіспеншілігінің арқасында ол айтыскер ақын, сазгер, журналист ретінде елге кеңінен танылды.

Қоғамдағы белсенді қызметі мен шығармашылық еңбегі үшін Жолдасхан Құрамысов КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапатталды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері атағына, Алматы облысы мен Жамбыл ауданының «Құрметті азаматы» құрметті атақтарына ие болды.

Жолдасхан Құрамысов – «талантты адам барлық қырынан талантты» деген тәмсілді толықтай ақтаған тұлға. Ол — өткір тілді журналист, сырлы өлеңнің иесі, халық жүрегінен орын алған сазгер. Оның қаламынан туған мақалалар мен очерктер, өнер мен тарихқа арналған зерттеулері — жас буын үшін құнды рухани мұра.

Музыка саласындағы еңбегі де ұшан-теңіз. Оның «Суықтөбе сазы», «Майтөбе», «Менің пірім – Сүйінбай», «Жамбыл атам елі», «Бөрілі менің байрағым», «Аққу жүзген», «Ұлар үні», «Ұлы бабам – Қарасай», «Еңлік гүл» секілді елуден астам әндері қазақ музыка өнерінің алтын қорына қосылды. Әсіресе «Суықтөбе сазы» әні – халық арасында кеңінен танылып, ел ішінде кеңінен таралған туындыға айналды.

Кеш барысында Жолдасхан Құрамысовтың шығармалары орындалып, бейнематериалдар көрсетілді. Қатысушылар оның адамгершілік келбетін, парасат-пайымын еске алып, шығармашылығы мен өмір жолынан тағылымды ой түйді.

Іс-шара соңында аудан басшылығы мен зиялы қауым өкілдері сөз алып, марқұм Жолдасхан Құрамысовтың отбасы мүшелеріне терең құрмет пен алғыстарын білдірді.

Жолдасхан Құрамысов — ұлт руханиятының темірқазығы болған тұлға. Оның мәңгілікке қалдырған мол мұрасы — болашақ ұрпақ үшін сарқылмас рухани қазына.