Асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы кімге тағайындалады?

Асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы кімге тағайындалады?

Жыл басынан Алматы облысының 400-ден астам тұрғынына асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақы тағайындалды.

Айта кетсек, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы  асыраушысы қайтыс болған отбасының еңбекке жарамсыз және оның асырауындағы отбасы мүшелерi, яғни оның толық асырауында болса немесе одан өмiр сүрудiң тұрақты және негiзгi қаражат көзi болған көмек алып тұратын азаматтарға тағайындалады.

Еңбекке жарамсыз мүшелерге келесі азаматтар кіреді.

  1. Еңбекке қабілетті болса да, қайтыс болған адамның 18 жасқа толмаған туған балалары;
  2. Алимент алмайтын, 18 жасқа толмаған асырап алынған балалары;
  3. Еңбекке қабілетті ата-анасы жоқ, 18 жасқа толмаған ағайындылары, әпкелері мен немерелері;
  4. Кәмелет жасына толған, бірақ олар 18 жасына дейін мүгедек деп танылған балалары, бауырлары, әпкелері мен немерелері;
  5. Зейнеткерлік жасқа жеткен әкесі, анасы, әйелі, күйеуі;
  6. Қайтыс болған асыраушының 8 жасқа дейінгі балаларына, аға-інілеріне, апа-сіңлілеріне немесе немерелеріне күтім жасаумен айналысатын еңбекке қабілеттілігіне қарамастан жұмыс істемейтін ата-анасы, жұбайы, атасы, әжесі, ағасы немесе әпкесі;
  7. Асырайтын ешкімі жоқ зейнеткерлік жасқа жеткен марқұмның атасы мен әжесі;
  8. 23 жасқа дейін оқуын жалғастыратын 18 жастан асқан асырауындағылар;

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы алу құқығына ие.

Өтініш беруші асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына тиісті құжаттармен жүгінуі қажет.