Қонаев қаласында «Мемлекеттік тіл саясаты: озық тәжірибелер мен инновациялар» тақырыбында республикалық семинар өтті!

Қонаев қаласында «Мемлекеттік тіл саясаты: озық тәжірибелер мен инновациялар» тақырыбында республикалық семинар өтті!

         Алматы облысының әкімдігі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа отырысының  хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында    ағымдағы жылғы 24-25 сәуірде Қонаев қаласында «Мемлекеттік тіл саясаты: озық тәжірибелер мен инновациялар» тақырыбында республикалық семинар өткізді.

Аталған іс-шараға ҚР  Ғылым және жоғары білім, Мәдениет және ақпарат  министрліктерінің, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы бірлестігінің, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығының қызметкерлері,  облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдіктерінің тілдерді дамыту саласына жауапты басқармалардың басшылары және облыстық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары қатысты.

          Мемлекет және  қоғам қайраткері Д.А. Қонаевтың ескерткішіне  тағзым жасаудан басталған бұл шара  Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының   Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі,                  Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, «Nietfix enterprises» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюмен жалғасты.

          Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Д. Ахметов құттықтау сөз сөйлеп, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Қ. Рахымжанов, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің вице-президенті                Д. Тастекей, Алматы облыстық мәслихатының депутаты М. Бигельдиев   баяндама жасады.

           Сонымен қатар  облыста тілді цифрландыруға байланысты жаңа жобалардың таныстырылымы болды.  Атап айтқанда, «Til Alatau» цифрлық электрондық платформасы,  «Чемпион» мультфильмі,  «Қазақша сөйлесейік» бағдарламасы.

Түстен кейін семинар тәжірибе алмасу бағытындағы секция жұмысымен жалғасты.

             Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Д. Ахметов  басқарманың атқарып жатқан жұмыстарына, 2025 жылы атқарылатын тың жобалар туралы баяндаса, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық, ғылыми–практикалық орталығының Бас директоры                  М.  Жұмабай Мемлекеттік тілді цифрландыру бағытындағы IT өнімдер туралы мағлұмат берді. Бұдан кейін сөз алған «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Алматы облысындағы филиалының басшысы Г. Ахметова банк саласында мемлекеттік тілдің қолданылуы туралы, облыстық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының бастығы, подполковник А. Тасыбаев тілдік кемсітушіліктің алдын алу және оны болдырмау шараларын баяндады.

          Бұдан әрі семинар өзара тәжірибе алмасу, практикалық жұмыстармен жалғасты.   ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің аға прокуроры                  Н.  Нұрсәлиев әкімшілік істердің бірыңғай тізілімі бағдарламасымен, бөлім прокуроры А. Әбдібек ЕРСОП бағдарламасымен жұмыс жүргізу тәртібін түсіндіріп, мәліметтерді дұрыс енгізуді тәжірибе жүзінде көрсетті.

         Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бас маманы Д. Қожухова Алматы облысында ҚР тіл заңнамасымен сақталуын бақылау мақсатында жүргізілген жұмыстарға тоқталып, тиісті заң талаптарын бұзған жеке және тұлғаларға   әкімшілік шара қолдану тәртібін түсіндірді.

           Іс-шараның қорытынды бөлімінде Мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ведомстволық наградаларымен, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Алматы облыстық филиалының «Тіл жанашыры» төсбелгісімен, Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды.

          Шара соңында Республиканың әр түкпіренен келген қонақтар Қонаев қаласының Мәдениет үйінде «Тіл – тарихтың айнасы» атты гала-концертті тамашалады.  Екі күнге жалғасқан семинар өңірлерден келген әріптестердің тәжірибе алмасуымен аяқталды.