
Тіл сарайында Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Арман қала – Астана» атты латын гарфикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиінде эссе жазу байқауы өтті. Елордамыз – Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған шараның басты мақсаты – халықты латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиінде жазуға, оқуға машықтандыру, латын қарпінде таңбалауға бейімдеу. Байқаудың ережесіне сәйкес Астана қаласының бүгінгі келбетін айшықтау және жеткен жетістігін дәріптеу, бас қаламыздың тарихынан сыр шерту көзделген еді. Тұңғыш рет өткізіліп отырған байқауға орта білім беретін мектептің оқытушылары қатысты. Ұсынылған 23 қатысушының эсселері қазылар алқасы құрамының іріктеуінен өткізіліп, үздік деп танылған 4 эссе Басқарманың дипломымен және ақшалай сыйлықтарымен марапатталды.
Байқау нәтижесі бойынша №12 мектептің оқытушысы Гүлшат Тілеуханова бас жүлдені иеленсе, №19 мектеп-гимназиясының оқытушысы Светлана Исаева І дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал №2 орта мектептің мұғалімі Айдана Сағынғанова ІІ орын тұғырынан көрінді. Байқауға қатысқан ең жас маман Ақбота Қажбекова ІІІ орын иегері атанды.
І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы, қазылар алқасы құрамының төрағасы Шара Әсетқызы байқауды ұйымдастырушыларға алғыс айтып, осындай игі шаралардың алдағы уақытта да жалғасатынына сенім білдірді.