Туған жер төріндегі үшеудің әңгімесі

Туған жер төріндегі үшеудің әңгімесі

Талдықорған төрінде  қазақ әдебиетіндегі   тағы бір үштікпен кездесу өтті. Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті бірлесіп  өткізіп  келетін «Әдебиет – руханияттың  діңгегі» атты әдеби шарасының осы  жолғы кейіпкерлері қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік жазушы Бексұлтан Нұржекеев,  жазушылар  Есей Жеңісұлы мен Қанат Әбілқайыр болды.    

Үшінші мәрте өткізілген  бұл кездесу де өзіндік тұлғаларымен ерекшеленді. Кеш барысында  қонақ болып келген үш буын жазушыларына түрлі сұрақтар қойылып, шынайы рухани сыр шертілді.

Таптаурын сүрлеуге түспей, тұщымды ойлармен өрбіген кездесуде      әдебиеттің кешегісі, бүгіні, ертеңі жайлы пікірлер айтылды.

Санаға сәуле түсірген кеште үш буынға «Кез келген қалам ұстаған адамның жоспарында  осыншама дүние жазсам деген ой болады. Бұл туралы  не айтасыздар?» деген ортақ сауал қойылды. Бұл  тұрғыда  жазушы, журналист Есей Жеңісұлы былайша ой тербеді: «Қазір сіздер мені жазушы деп отырсыздар. «Мен  28 жасыма дейін  әрнәрсені жаза бастадым. Қырық жасқа келгенше өзімнің әдебиетке келген-келмегенімді білмедім», - дейді орыс жазушысы  Виктор Астафьев. Осы жауап маған ұнайды. Мен де әдебиетке қаншалықты жаңалық әкелгенімді білмеймін. Өйткені, біз студент болған, журналистикаға араласқан жылдар балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен заман болды да, сөз өнерін қадірлейтін сол жолға өзін арнағысы келетін адамадар тіршілік қамымен кетіп қалды. Сондықтан қазір біздің  жаңадан еңсе түзеп, оқырманға бір нәрсе берсек пе деген уақытымыз келген сияқты.

  Өкінішке орай, Рахат (ред.-Мамыров) есімді жан досым қырық жасқа үш-ақ апта қалғанда өмірден өтіп кетті. Сонда ойладым, адамның ғұмыры көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Қанша нәрсені жоспарлап, іске асырғаныңмен, ішкі жан дүниең тағы бар жаңаша нәрсені қалап тұрады. Ал менің ішкі әлемім қалаған нәрсе ол – жазу. Сондықтан қазір ешкімге жар салмай-ақ жаза бергенді жөн көрдім, - дейді.

 Осы сауалға  орай аға буын өкілі Бексұлтан Нұржекеев  те тұщымды ойларын ортаға салды. Өз сөзінде жазушы рухани жаңғыру аясында  әдебиет те жаңғыруы тиіс екенін тілге тиек етіп, «Әдебиет - мәдениеттің атасы» деп ой түйді.  

 Әдеби кеште білімгерлер тарапынан «Қазақ әдебиетінің келешектегі жазушылары қандай дәрежеге жетеді?»  деген  сауал қойылды.  Бұл сұраққа жазушылар болашақта қазақ жазушылары қазақ халқының қаланың ұлты болуына еңбек сіңіруі керек, қазақ қаланың ұлты болмаса – көп ұтылатындығын айтты.

 Үш буын өкілімен өткен кездесуде әдебиет төңірегінде ғана емес, тарихтан да сыр шертетін әсерлі әңгімелер өрбіді. Тарих – әдебиетпен тұтасқан шақта ғана  оқырманға сіңімді болатындығын тақырыпқа арқау еткен модератордың пікірін қостаған жазушылар жас әдебиетшілерге кеңес берді. «Қазақ әдебиетінің қазынасы болған Тәкен Әлімқұловтың «Қараой» әңгімесі арқылы Махамбет пен Ықыласты жақын таныдық. Алаш арыстарының характерлік образын аша түсетін дүниелер – үлкен тарихи шығарма болатын тақырып», - деді Есей Жеңісұлы.

Жазушы үшін ең қиыны – өз заманы туралы жазу. Кездесу барысында қонақтарға  қойылған «Осы заман туралы қашан жазбақсыздар?» деген сұрақ төңірегінде ой қаузаған жазушы Бексұлтан Нұржекеев өз  заманы туралы жазу оңай дүние емес екендігін, мұның мәнісін түрлі мысалдарды тілге тиек ете отырып жеткізді.

Келелі кездесуде білімгерлер қандай әдеби шығармаларды оқуға кеңес берер едіңіз деген де сұрақ қойды. Бұл сауалға орай «Танымға шектеу жоқ. Қазақ әдебиетіндегі шығармалардың барлығы оқып шығуға тұрарлық дүниелер. Мәселен, Бексұлтан ағамыздың «Әй, дүние-ай» кітабын оқуға кеңес беремін», - деді жас жазушы Қанат Әбілқайыр.

Кеш соңында салмақты сұрақтар қойған студенттерге облыстық тіл басқармасы кітапханасынан алынған  әдеби кітаптар сыйға тартылды.

Алматыдан ат арытып келген қонақтар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы  жоба ұйымдастырушыларына сәттілік тіледі.