Санаға сәуле түскен күн

Санаға сәуле түскен күн

Талдықорған төрінде, дүлдүл  ақын Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен   Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы   Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында  «Әдебиет – руханияттың діңгегі» атты  үш буын өкілімен тамаша кездесу өтті.

Әдеби кешке өңірімізден түлеп ұшқан, бүгінгі қазақ прозасы мен поэзиясын бедерлі қолтаңбаларымен бедел биігіне көтеріп жүрген ақын-жазушылар Жұмабай Шаштайұлы, Дәурен Қуат және Айнұр Төлеу қатысып,  әдебиеттің айналасында өздерініің  толғамды  ойларын ортаға салды.  

Еркін форматта өткізілген әдеби шараның  алғашқы сауалы  Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, әдебиеттегі аға буын өкілі, жазушы   Жұмабай Шаштайұлына қойылды.

Шығармалары заманның тынысын дөп басқан, жазғанын қалың оқырман ерекше күтіп  оқитын жазушы  әңгімесін бала Жұмабайдың арманымен бастап, қалай жазушы болғандығы туралы да  әсерлі әңгімесімен бөлісті.  

­«Қазіргі  жастардың әнші болсам дегені секілді, біздің кезде бәрі жазушы болсам дейтін. Сол кезде бізге жазушылық деген керемет дүние болып көрінді. Жазушы деген тегін жаратылмаған, қасиетті  адамдай көрінгендіктен де жазушы болсам екен дедім.... Жазушылықты  құдайдың сыйы деп білемін». Жазушы аға өз сөзінде жазушылық  жолында жол ашқан адамдар туралы да айтып өтті.

«Бірде Рымғали Нұрғалиев ағамызға жазған шығармамды арнайы беріп, оқып көріңізші деп өтініш жасадым. Бірақ ол кісі көпке дейін оны оқымай жүрді. Арада жыл, екі жылға дейін ұзап кетті. Бір күні оның мені іздеп жатқанын  естідім. Не болып қалды деп ойладым. Ал әлгі жазбам туралы мүлдем ұмытып та кетіпппін. Алдына бардым. Сонда ол былай деген еді: «Мынандай шығармадан  басқа тағы он шығарма жаз. Одан артық жазба. Тарихта қаласың» деді. Міне, осы сөз маған керемет қуат берді. Бір адамның  тағдырына  бір адамның бір ауыз  сөзі үлкен  әсер беретіні осы екен...»

 Бұл  тұрғыда    жазушы,  abai.kz ақпараттық порталының бас редакторы Дәурен Қуат та сүбелі ойларымен бөлісіп,  өмір жолынан сыр шертті.  Көпшілік тарапынан қойылған сауалға да тартымды жауап қайырды.  

«Менің де әкем малшы болған адам. Сол кезде оның  бір жағына шығысып жүрдім. Бірақ,  еншқандай арманым  болған жоқ, тілегім болды: ертерек кеш батса деген...  Дей тұрғанмен, малшылардың балалары  арасында бір жақсы үрдіс болды. Ол қолыңа қандай кітап түссе соны бас салып  оқу, бірақ соның авторына қарамайды екенбіз. Ең алғаш кітапты мен екінші сыныпты бітірген жылы оқыппын...

Ал енді қандай өкініш бар дегенге тоқталсам, өкініш деген нәрсеге адам ең ақырғы сәттерінде қатты ойланып, жауап іздейтін шығар.  Ал қазіргі кезде бастан өтіп жатқан кем-кешін, кемшіліктер болса оны алдағы күндердің есебінен жуып-шайып түзеуге тырысамыз. Дегенмен, қателіктерді мүмкіндігінше қайталамауға тырысып бағамыз. «Ошо» деген үндістанның философы: «Адам қателесуден қорықпауы керек. Бірақ, бір қателігін  үш рет жасаған  адам ақымақ» дейді. Өмірімде бәлендей бір өкініш бар дей алмаймын.

...Прозаға  кеш келдім деп адам  өкінбеуі керек. Ішкі дайындығыңды  молайтып, кеңейтіп, зерттеп, зерделеп, асықпай келген дұрыс. «Нағыз проза адамның қырық жасынан кейін басталады» дейді Олжас Сүлейменов. Сол секілді, менің де ішімде біраз дайындық болды, оқыған жазушыларымды қайтадан саралап оқуға тура келді. Сөйтіп келіп, отыз жастан бастап, дүниелерім ақырындап жариялана бастады. Бір кездері журналист Дәурен болсақ, енді  жазушы деген дардай  аты бар Дәуренге айналдық.

Кеш барысында қойылған сауалға орай  Жамбыл аудандық «Атамекен» газеті бас редакторының  орынбасары, ақын Айнұр Төлеу  де өзінің орамды  ойларын ортаға салды.  

«Әдебиеттанушы болғандықтан,  барлық дүниені білуім керек деп қолға түскен кітапты таңдамай  оқуға тырысыппын. Кітаптың да кітабы бар ғой. Мен де сол, уақытымның көбін қажетсіз кітаптарды оқумен өткізіп алыппын», - дейді ол.   

Өмір жолдарын қойшы болып бастаған әдебиеттегі аға және орта буын өкілдерінің  бүгінде қазақтың сөз ұстаған қаламгерлеріне айналады деп кім ойлаған?! Осының өзі үлкен мотивация деп білеміз.

Әдебиеттің қазанында қайнаған үш буын өкілі Жұмабай Шаштайұлы, Дәурен Қуат, Айнұр Төлеумен  өткізілген кеш барысында бұдан да өзге қызықты әңгімелер ортаға салынды. Жазушылардың аузынан шыққан сүбелі  ойлар   жиналғандарды бейжай қалдырмады. Рухани жаңғыру аясында өткізілген кештен көңілге түйген дүниелер де  көп болды,   әдебиетшілердің айтқан жақсы сөзі жастардың санасына сәуле түсіріп, ой салды. Жастар арасында әдеби орта қалыптастыруға бағытталған мұндай кештер  алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

 Ал үш буын өкілімен өткен  әдеби кешті «Алтын қалам», «Алтын Тобылғы» әдеби сыйлықтарының иегері, жазушы, журналист Есболат Айдабосын жүргізді.   

Айта кетейік, Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы биылғы жылдан бастап бірнеше жаңа жобаны  қолға алуда. «Әдебиет –руханияттың діңгегі» атты  әдеби кеш соның бірегейі.

 Талдықорған табалдырығында тұңғыш рет өткізіліп отырған  әдеби шараның түпкі мақсаты ­– әдеби айдында өзіндік орны  бар үш буын өкілдерімен жүздесіп, олардың шығармашылығы хақында сөз қозғау, пікірлесу болып табылады.