Ақындар мүшәйрасы өтті

Ақындар мүшәйрасы өтті

Бүгін Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ұлы даланың рухани жаңғыруы» атты облыстық жазба ақындардың мүшәйрасын өткізді. Жыр додасына облыстың түпкір-түпкірінен 20-дан аса ақын келіп қатысты. Арасында поэзия әлеміне жаңадан қадам басқан жас ақындар және өлең өлкесінде өзіндік жолдарын қалыптастырған сөз зергерлері де бар. Жас ақындар туған жердің тамаша табиғатын шұрайлы тіл, кестелі ой, көркем сөз арқылы жеткізуге тырысты. Қатысушылар алдымен «Туған жер» тақырыбына арналған жырларын оқыса, келесі кезекте жыр қоржынынан еркін тақырыптағы бір өлеңін тарту етті. Мүшәйраға өңірімізге белгілі ақын, «Жетісу» газетінің бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев, жаны да, жыры да өзіндей нәзік ақын Сағыныш Намазшамова, жыр айдынының жарық жұлдызы Ерлан Жүніс төрелік етті.
Түйдек-түйдек жыр бунақ, сырлы, арынды шумақтар төгілген жыр бәйгесінде қазылар алқасының шешімімен 3 орынды Самал Шеңгелбаева (Сарқан), Салтанат Құмархан (Ескелді), Қуаныш Өнербекұлы (Көксу) иеленсе, жүлделі 2 орынды Торғын Тұрлыбаева (Текелі), Ғапу Еркін (Панфилов) қанжығасына байлады. 1 орын облыстық «Жетісу» газетінің журналисі Қозыбай Құрманға (Талдықорған) бұйырды. Ал, мүшәйраның Бас жүлдесін облыстық «Жетісу» газетінің жас журналисі Мұхтар Күмісбек (Балқаш) жеңіп алды.
«Болар елдің баласы бірін бірі батырым дер» дегендей мүшәйрада Мұхтар Күмісбек өз жолын әріптесі әрі рухани ағасы Қозыбай Құрманға берді.