«Латын графикасына көшу арқылы рухани әлемімізді байытамыз»

«Латын графикасына көшу арқылы рухани әлемімізді байытамыз»

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс шаралар жоспарына сәйкес құрылған латын әліпбиін көшіруде «Жаңа әліпби жаңа дәуір бастауы» атты Алматы облысының жұмыс тобы ақпараттық түсіндіру бойынша Сарқан ауданында болып, елді мекен тұрғындарымен жүздесті.

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев бастап, ақын, Алматы облысы әкімі баспасөз қызметінің бас инспекторы Сағыныш Намазшамова, облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Қажет Андас, ақын, Қазақстан Халқы Ассамблеясының өкілі Ақсұңқар Ақынбаба ауданға қарасты Черкасск ауылында болып, елді мекен халқымен латын графикасына көшуге қатысты басқосу өткізді.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Маманбаев ашты. Өз сөзінде ол Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы латын әліпбиіне көшу туралы өз ойын ортаға салды.

Басқосудың басты сөзін топ жетекшісі, Тіл басқармасының басшысы Айдар Карбозұлы бастап берді.

«Елбасының «Болашақа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Алматы облысында алты бірдей жұмыс тобы құрылған болатын. «Жаңа әліпби жаңа дәуір бастауы» атты Алматы облысының жұмыс тобы соның бірі болып табылады. Жұмыс тобының басты мақсаты мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіруде ел арасында ақпараттық түсіндіру жұмысын жүргізуге бағытталады. Сол мақсатты алға тартып латын әліпбиін халық арасында түсіндіру негізінде құрылған топ мүшелері жетісу өңірінің аудан, қалаларын аралап, елмен жүздесулерін бастады. Бұған дейін Ақсу ауданында болып, елді мекен тұрғындарымен жүздескен едік. Енді, міне, жолымыз Сарқан ауданына түсті. Жұмыс тобының құрамы облысымызға танымал белді азаматтармен жасақталған. Он тоғыз адамнан құралған топ ауданға қарасты әр ауылға бару үшін үшке бөліндік. Соның бір тобы Черкасск ауылына табан тіреп отыр», - деген топ жетекшісі Айдар Қарбозұлы өзімен ере келген топ мүшелерін таныстырып өтті.

«Өздеріңіз жақсы білетіндей, Елбасының мақаласының ең маңызды бөлігі қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру болып табылады. Ал бұған басымдық беріп отыруының мәнісін өздеріңіз де жақсы түсінеді деп ойлаймын.

Елбасымыз латын әліпбиіне көшу мәселесін дәл уақытында көтерді. Ендеше, қазақ тілінің аясын кеңейтіп, әрі қарай дамытқымыз келсе көп болып жұмыла бұл бастаманы батыл жүзеге асыруымыз керек.

Қоғамды жаңғыртуда әр адам өз санасын жаңғыртудан бастауы тиіс. Ал сананы жаңғыртуда латын әліпбиінің алар орны ерекше.

Латын әліпбиі бүкіл түркі дүниесін, әлемнің 42 мемлекетінде өмір сүріп жатқан біздің отандастарымыз, қандастарымыздың басын біріктіретін ортақ әліпбиі болуы тиіс. Отыз елдің құрамына енеміз десек, оған біз өзіміздің төл жазу, төл әліпбиімізбен баруымыз керек. Елбасының «Мәңгілік ел» идеясы сол бағытқа жоспарланған жұмыстың жалғасы деуге болады», -деді Айдар Башбаев.

Мұнан кейінгі сөзді облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Қажет Андас алды.

«Өздеріңізге етене таныс рухани жаңғырудың бірнеше бағыты бар. Латын әліпбиіне көшу бағытын соның бірегейі деп қарауымыз керек. Еліміз латын графикасына көшу арқылы рухани әлемімізді байытамыз.

Латын әліпбиіне көшуде қазір қоғамда түрлі пікірлер орын алуда. Солардың арасында мына отырған өздеріңіз де барсыздар. Біріңіз көшу керек, дұрыс деп пікір білдірсеңіздер, енді біріңіз бұған қарсы пікірдесіздер.

Әлбетте, екіжақты ойдың орын алғаны дұрыс. Бірақ қандай істе де артқа емес, алдыға қарауымыз қажет.

Ал енді мұның түпкілікіті мақсаты не дерсіз? Мұны Елбасының өзі жақсы айтқан еді. Түпкілікті мақсаты, біріншіден, дүниежүзі қазақтарының ойын, ғылымын, білім-біліктілігін біріктіру, екіншіден, түркітілдес халықтарының басын біріктіру болып табылады. Дүниежүзінің 42 мемлекетінде қандастарымыз тұрады. Өкінішке орай, осы мемлекетте тұрып жатқан бауырларымыз 42 түрлі ұғыммен кетіп бара жатыр. Олардың түпкі отаны Қазақстан екені даусыз. Ендеше, латын әліпбиі – әлем қазақтарының рухани бірлігінің негізі болмақ» - дей келе, ол латын әліпбиіне көшудің маңызды, пайдалы бірнеше аспектісін айтып өтті.

Жиынның келесі сөзі ақын, топтың белді мүшесі Сағыныш Сабыржанқызына берілді. Ол түпкі сөзін жаңғырудан бастады.

«Жалпы, жаңғыру дегеннің өзі не? Мәселен, жолды жаңғыртудан өткізсек, жол тақтайдай түзуленеді, сапасы жақсарады, талапқа сай жаңарады. Ғимаратты жаңғыртсақ, сырланады, жаңа келбетке ие болады. Көрінеу нәтиже ме? Көрінеу! Біздің маңайымыз өзгеріп жатыр, жаңарып жатыр, түрленіп жатыр дейік, ал өзіміз өзгердік пе? Сананы жаңғырту деген не? Оны қалай жаңғыртамыз? Ол өзі көзге көрінетін процесс пе?

Міне, рухани жаңғыру осындай сұрақтардан басталуы керек.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы аса сүбелі үлестің бірі – қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру.

Бұл шешім – тарихи шешім, бүгінгі кезең – тарихи шақ, бұл әрекет – уақыт талабы.

Латын графикасына көшуде негізгі мақсат – ұлттық тіліміздің ерекшеліктерін сақтай отырып, әлемдік даму үрдісіне төл әліпбиімізбен ілесу, жай ілесу емес, ілгері шығу. Оған қоса негізгі фактордың бірі – техниканы қолданудағы мүмкіндіктеріміздің артуы. Мысалы, ғалымдар ұсынған алғашқы нұсқа техника тіліне бейімделіп жасалғанымен, лингвистикалық тұрғыда олқылықтары көп болды. Жалпы техникалық мүмкіндіктердің өзі ұлттық мүддеге жұмыс істеуі керек. Реформаның түпкі негізінің өзі де осы ойдан туындағандықтан, көпшіліктің ой-пікірі ескерілген, әлдеқайда жетілдірілген екінші нұсқа да таныстырылды, қазір ол халық арасында қызу талқыланып жатыр.

Халық «біз ғалым емеспіз» немесе «тіл маманы емеспіз» деп қарап отырған жоқ, немқұрайды кейіпте үнсіз қалған жоқ, Осы белсенділіктің өзі рухани жаңғырудың алғашқы сатыларына сенімді түрде аяқ басқанымызды білдірсе керек». Осындай сарында тұщымды ой білдірген ақын Сағыныш Намазшамова мемлекеттік тілді латын графикасына көшуде халықтың жаппай қолдауы аса қажет екендігін де айтып өтті.

«Латын әліпбиі бөлмейді, біріктіреді» деді басқосу барысында ақын, Қазақстан Халқы Ассамблеясының өкілі Ақсұңқар Ақынбаба.

«Латын әліпбиі бір қазақты екіге бөлуі мүмкін емес. Себебі, латын әліпбиі ол біздің қанымызда бар дүние. Ал, Ассамблея тарапынан бұл тұрғыда атқарылатын міндет өңірімізде тұратын этностарды жазу реформасына көшуге өз үлестерін қосуға шақыру, егер, қандай да бір қарсы пікірлер болып жатса, оның алдын алу, ел болып жұмылған жұдырықтай береке-бірлікте атқарып шығуға үндеу. Меніңше, түптеп келгенде, Елбасының аталған бастамасы түбінде Түркі тілдес елдердің ортақ әліпбиін жасауға жеткізетін ел болашағы үшін пайдалы бастама», - деді ҚХА өкілі.

Басқосуда топ мүшелері ел алдында тек өз ойларын ғана айтумен шектелмеді, латын әліпбиіне көшуде қоғам ішінде орын алған сауалдарға қатысты пікірлерін білдірді.

Осы тұста Черкасск ауылдық округінің тұрғындары тарапынан қойылған «Латын қарпін өзге әріпппен шатастырып алмаймыз ба?» деген сауалға орай топ мүшелері тұщымды жауап қайырды.

«Шатастырып алмайтын графиканы құру үшін оған бүкіл ел болып атсалысуымыз қажет. Оған мына отырған сіздердің де үлестеріңіз керек. Негізінен, өз ойларыңызды әлеуметтік желілерге жазып, біркісідей осыған атсалыссаңыздар екен дейміз. Ал біздің топтың басты мақсаты - ел ішінде орын алған сауалдарға нақты ақпарат беру. Өз басым, соңғы шыққан ноқатты әліпбиді қолдаймын» деді Қажет Андас.