
Тіл сарайында Туған жер» бағдарламасын насихаттау мақсатында «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ұйытқы болуымен «Туған жер – алтын бесік» атты іс шарасы өтті.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсетілген жалпыұлттық патриотизм ұғымын кеңейтуге бағытталған шараның ашылу салтанатында Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Т. Рахымберлина сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Тіл» оқу-әдістемелік орталығының тыңдаушылары мен ҚР Қорғаныс министрлігінің «54380 әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері арасында өткен шара үш кезеңнен тұрды. Сайысқа түскен қатысушылар топ-топқа бөлініп, берілген тапсырмалар бойынша өз білімдері мен өнерлерін көрсетті.
Бірінші кезеңде қатысушылар өздерін мемлекеттік тілде таныстырса, екінші кезеңде викториналық сұрақтарға жауап берді. Ал үшінші кезеңде берілген суреттерге қарап, туған жерге қатысты мақал-мәтелдер құрастырды.
Тартысты сайыстың қорытындысында қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды «Тапқырлар» тобы иеленсе, «Болашақ» тобы екінші орынға лайық деп табылды. Жүлделі үшінші орын «Достық» тобына бұйырды. Ал осы шараға қатысып, белсенділік танытқаны үшін ҚР Қорғаныс министрлігі 54380 әскери бөлімі республикалық мемлекеттік мекемесіне Алғыс хат табысталды.