
Құрметті әріптестер, тіл тағдыры – ел тағдыры. Осы орайда бүгінгі ашық талқылауға баршаңызды пікір білдіруге шақырамын! Мен 3 (умлаут) жобаны қолдаймын. Аталмыш жетілдірілген жобада тілдік нормалар сақталған. Умлаут жобасында назар аударуды қажет ететін «Ғ» және «Ұ» дыбыстары. Себебі, бұл дыбыстардағы диакритика таңбалары ерекше.
Біріншіден, латын әліпбиіне көшу – тілдік реформа. Ең алдымен төл дыбыстарымызға назар аударуымыз керек. Екіншіден, диакриткалар қиындық тудырады деп жатырсыздар. Тіл білімінде «әріп асты», «әріп үсті» деген атау бар. Қазіргі тілімізде де бұл таңбалар бар. «Қ, Ң» дыбыстарын қараңыз, бұл қазіргі ұсынылып отырған жобадағы седиль. «Ұ» дыбысына қараңыз, бұл қазіргі ұсынылып отырған жобадағы макрон. Дауыссыз «Й» дыбысына қараңыз, бұл қазіргі ұсынылып отырған жобадағы бревис. Яғни көріп тұрғандарыңыздай, бұл таңбалар бұрыннан бар. Сондықтан бұл жерде қиындық емес, тілдің табиғатын қалай сақтаймыз деген мәселеге назар аудару керек.