
«Рухани Жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен поэзия кеші болып өтті. Аталмыш шараның мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, қоғамдық санаға орнықтыру, ақиық ақынның жалынды жырлары арқылы жастардың азаматтық және патриоттық әлеуетін дамыту.
2019 жыл – Жастар жылы болып жарияланғандықтан, аталған шараға І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттері, «Мизам» әдеби клубының мүшелері қатысты. Кеште «Мен – ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын, бәлкім, одан әрідегі ұрпақтың туысымын да» - деп артына өшпес мұра қалдырып, қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан шайырдың жырлары оқылып, ақынның сөзіне жазылған әндер орындалды. Кешке қатысушы жастар ақиық ақынның бірқатар жалынды жырларын нақышына келтіріп, мәнерлеп оқыса, енді бірі ақынның сөзіне жазылған әндерін орындап, көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Кешке БАҚ өкілдері, студент жастар және поэзия сүйер қауым қатысты. Кеш соңында барлық қатысушыларға Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының Алғыс хаты табысталды.