
Бүгін Талдықорған агро-техникалық колледжінде Алматы облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Латын графикасының емле ерекшеліктері» атты облыстық семинар-тренинг өтті. Семинарды басқарма басшысы А. Башбаев жүргізді. Семинарға Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі, Қазақстан Журналистер академиясының академигі, облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Саламұлы Идигов және І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, философия докторы Гүлім Төлеуқызы Чукенаева, сондай-ақ, Талдықорған агро-техникалық колледжінің оқытушылары мен студенттері, облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының қызметкерлері, Кербұлақ ауданы Ш. Уәлиханов атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Камшат Шынарбаева, І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының магистранттары қатысты.
Басқарма басшысы А. Башбаев латын әліпбиіне көшу кезеңдеріне, атқарылған істер мен алдағы міндеттерге тоқталды.
«Қазіргі таңда «Тіл – қазына» ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласында жаңа латын әліпбиі бойынша оқыту курсы жалғасуда» – деп, аталған курсты алғаш оқып, сертификат алып келгенЖМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, философия докторы Гүлім Төлеуқызына сөз кезегін берді.
Г. Чукенаева «Жаңа емле ережесінің ұстанымдары»тақырыбында баяндама жасап, латыннегізді әліпби реформасының маңыздылығын түсіндіріп, жаңаереже бойынша тың мағлұмат берді.
Облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы, А.Идигов тіл жайында терең толғанысты ой қорытып, жастардың патриоттық сезімі мен ұлттық рухын оятатын жалынды сөздерімен қазақ тілін құрметтеуге шақырды. Студент жастар қол соғып, қошеметтеумен болды.
Сондай-ақ, Талдықорған агро-техникалық колледжінің 2 курс студенті Әли Өтегенов өзі әзірлеген «Латын әліпбиіне көшудегі көмекші құрал ретінде «LANGUAGE TOOL» web-сайтының тиімділігі тақырыбында баяндама жасап, жұмыс жобасымен таныстырса, радиоэлектроника және байланыс мамандығының 1 студенті Дәулет Назерке суырылып алға шығып, өз ойын ортаға салды.
Семинар соңында Талдықорған агро-техникалық колледжінің директоры Сауле Қыдыралықызы шараға қатысушы қонақтар мен ұйымдастырушыларға ұжым атынан алғысын жеткізді.