
Жас тілші-әдебиетшілердің секциялық отырысында сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының директоры Ерлан Жүніс «Тіл мен әдебиет – егіз ұғым» тақырыбында сөз сөйлеп, қазақ әдебиетінің бүгіні мен ертеңі жайында ғана емес, тіл төңірегіндегі өткір де өзекті мәселелерді айтты. «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі Қалмақанбет Мұқаметқали «Жастар – әдебиетіміздің ертеңі» - дей келе, жастардың бойындағы әдебиетке деген құштарлықты, сүйіспеншілікті арттыру керек екенін, олардың құнды дүниелерге қанығып өсуін еш уақытта жадымыздан шығармау керек екендігін тілге тиек етті.
«Жетісу көктемі» ІІ облыстық форумының делегаттары Кеген ауданының көрікті, тарихи-мәдени жерлерін аралап, Жетісу жерінің жеті жауһарының бірінен саналатын Көлсай көліне саяхатқа шықты. Форумға қатысушылар таза табиғат аясында спорттық ойындар ойнап, соңы поэзия кешіне ұласты.