Көлсай төріндегі "Жетісу көктемі"

Көлсай төріндегі "Жетісу көктемі"

          Бүгін Кеген ауданы, Саты ауылының Мәдениет үйінде жас тілші-әдебиетшілердің "Жетісу көктемі" ІІ облыстық форумы өтті.

          Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов ауданда атқарылған ауқымды істер мен алдағы  жоспарларын айтып,  форум делегаттарына сәттік тіледі.    Салтанатты шараның ашылу сәтінде сөз алған Алматы облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев "Рухани жаңғыру" бағдарламасы жарияланғаннан бері латын әліпбиіне көшу бойынша өңірімізде атқарылған шаралар мен болашақ жоспарларға тоқтала келе,  «Өзінің тарихы, тілінің байлығы жағынан, шешендігі мен көсемдігі жағынан қазақ тілі ешбір халықтан  кем емес. Әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішінде тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарында екені белгілі. Мемлекет басшысы, Қасым-Жомарт Тоқаев өз сұхбатында: Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да - тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де тілінде. В Радлов айтқандай, қазақ тілі - ең таза әрі бай тілдің бірі – деген болатын. Тіліміздің байлығы мен көркемдігін  ақын-жазушылардың шығармаларынан көруге болады»деп қазақ тілінің қолдану аясы кең, бай тілдердің бірі екендігін баса айтты. Сондай-ақ форумда сөз алған  Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының директоры Е. Жүніс, «Egemen Qazaqstan» газетінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі Қ. Мұқаметқали, талантты  жас ақын Ә. Іңкәрбек, Ұйғыр аудандық «Қарадала тынысы» газетінің тілшісі С. Анварова, Іле ауданы Қараой ауылы №18 орта мектептің психологы В. Талюс мемлекеттік тілдің ахуалы жайында өзекжарды ойларын жеткізді. Облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Ж. Елесбаева «Әліпби ауыстыру – қазақ жазуына реформа жасаудың алғышарты» тақырыбында баяндама жасаса, Кербұлақ ауданы Д. Қонаев атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі К. Чинарбаева «Жаңа бастама – жаңа әліпби» тақырыбында тұщымды ойын ортаға салды.   Сондай-ақ,  облыстық «Жетісу» телеарнасы «Оқырман» бағдарламасының сарапшысы  Қ. Құрман мен  облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі М. Күмісбек жырдан шашу шашты.