Ұшқыр ойлы, үшкір тілді жеңімпаздар анықталды

Ұшқыр ойлы, үшкір тілді жеңімпаздар анықталды

Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласының екі жылдығына орай, рухани құндылықтарды дәріптеу, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында Қарасай ауданы, Қаскелең қаласында өткен облыстық «Мақал - сөздің мәйегі» байқауы өз мәресіне жетті.

      Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен Қарасай аудандық әкімдігі бірлесе ұйымдастырған байқауға 14-17 жас аралығындағы облысымыздың 17 ауданы мен 3 қаласынан ұшқыр ойлы, үшкір тілді 20 сайыпқыран қатысты. Алғашқы сөз кезегін алған Алматы облысының тілдері дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев байқауға қатысушыларды айтулы шараның басталуымен құттықтап, үміткерлерге сәттілік тіледі. Сондай-ақ Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Гүлжан Әділханқызы ойыншыларға сәт сапар тілеп, ақ ниетін білдірді.

      Алты айналымнан тұратын байқауға, танымал тележурналист Тілеуқабыл Мыңжасар, ақын Қуаныш Қолхаев, Қарасай аудандық тарихи өлкетану музейінің директоры, ақын Серік Қалиев қазылық етті.

     Төл әдебиетімізді әспеттеп, әр сөздің салмағын сезініп, қадірін бағалайтын 20 үміткердің ішінен суырылып алға шыққан байқаудың ең кішкентай қатысушысы 14 жасар Сыламбай Қымбат жеңімпаз атанды. Ал текелілік Тоқанова Аружан сақадай сай екенін көрсетіп ІІ орынды иемденсе, Талдықорған қаласынан келген Қадыр Аружан ІІІ орынды қанжығасына байлады. Сондай-ақ байқауда ерекше көзге түскен Панфилов және Балқаш аудандарынан келген Алтай Жолдыбай мен Торғын Кеңеске «Талпыныс» номинациясы бойынша диплом және сертификат берілді.

     Ал ынталандыру сыйлығына ие болғандар: Тұрсын Дана (Ақсу ауданы), Байқонысова Гүлзат (Қапшағай қаласы), Қабдыкаримова Диана (Алакөл ауданы), Алпысбай Айнұр (Сарқан ауданы), Нұрдаулетов Мағжан (Ұйғыр ауданы).

     Сондай-ақ байқауға қатысып, бақ сынасқан барлық үміткерлерге Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының Дипломы мен Алғыс хаты табыс етілді.

     Шараны жүргізген белгілі айтыскер ақын Сырым Әуесхан үзіліс кезінде көрермендерді сергітіп, ойын ойнатты. Мәтелді жатқа айтып, сөз мәйегін бағалайтын көрермендерге «Қазақтың мақал-мәтелдері» кітаптары сыйға тартылды.