Жиын өтті

Жиын өтті

       Бүгін Тіл сарайында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы және алдағы міндеттер» атты жиыны өтті.

       Жиынды Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Абдуалиев жүргізді. Жиынға Алматы облысының барлық аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары, аудан және қалалардың мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы филиалдарының меңгерушілері қатысты.

      «Өзінің тарихы, тілінің байлығы жағынан, шешендігі мен көсемдігі жағынан қазақ тілі ешбір халықтан кем емес. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып отырған қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жа­ғынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы екені белгілі» - деген облыс әкімінің орынбасары аудан-қала басшыларын мемлекеттік тілдің өсуі мен өркендеуі жолында бір кісідей жұмыла жұмыс істеуге шақырды.

      – «Қашанда ең бірінші мемлекеттік тілге басымдық беру керек екенін тілге тиек етіп жүретін президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев үштілділік бағдарламасына қатысты пікірін білдіргенде «Менің ұстанымым, біріншіден, қазақ тілі болуға тиіс, орыс тілі болуға тиіс. Бұлардың балаларымыз үшін маңызы зор. Тек содан кейін ғана ағылшын тілін оқыту керек» - деді» – деп Президент сөзін мысалға келтірген Ақан Жылқышыбайұлы қай кезде де мемлекеттік тіл мәселесі басты назарда болуы керек екендігін айтты.

      Жиында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев баяндама жасап, аталған мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың үшінші кезеңі бойынша Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының атқарған жұмыстарына, облыстағы тілдік ахуалға тоқталды, атқарылған жұмыстар алдағы міндеттер айтылды.

      Сол сияқты, жиын отырысында сөз алған облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Әлмұхамбет Иманбақов, Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары Сағдат Нұрғазиев, Ескелді ауданы әкімінің орынбасары Қайырғали Әлібаев жарыссөзге шығып тіл төңірігіндегі түйткілді мәселелер жөнінде өз ойларын ортаға салды.