Үштілділік – заман талабы

Үштілділік – заман талабы

         Бәсекелестіктің қарыштап дамып отырған бүгінгідей жаһандану кезеңінде үш тілді білу қажеттігі туындап отыр. Әсіресе, бірнеше тіл білу өскелең ұрпақ пен  жастар алдында тұрған міндет.

        Бүгін Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен үштілділікті енгізуді ынталандыруға бағытталған «Тілдарын» облыстық олимпиадасы өтті. Олимпиадаға қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген, 18-22 жас аралығындағы жас дарындар қатысты. Байқау қорытындысы бойынша білімі мен ұшқұрлығын  ортаға салып, сыннан сүрінбей өткен қапшағайлық Байназар Жадыра бас жүлдеге ие болды. Сол сияқты, бірінші орынға Текелі қаласынан келген Саметаева Назира, екінші орынға Панфилов ауданынан келген Тұрғанова Зере, ал үшінші орынға көксулық Аринов Алишер ие болды. Байқаудың барлық қатысушыларына Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының Алғыс хаты табысталды.

       Шарада сөз алған  Талдықорған қалалық білім бөлімінің әдіскері Сәдуақасова Мәрия Құрмашқызы: "Қазақстан Республикасының 2011-2019 жылдарға арналған тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасында елімізде өмір сүріп жатқан халықтардың мәдениеті мен дәстүріне құрметпен қарайтын, үш тілді еркін меңгерген тұлғаны тәрбиелеу ісіне көп мән беріледі - деп, аталған  мемлекеттік бағдарлама аясында тілдерді үйрену ісіне ерекше көңіл бөлінетіндігін жеткізді. Сондай-ақ, ол   "Өркениетті еліміздің дамуына үлес қосатын, көп тілді игерген өздеріңіз сияқты жас дарындарға қарап қуанамыз" - деді.

        Байқаудың бас жүлдегері республикалық "Тілдарын"  олимпиадасына  облыс атынан жолдама алды.