
Сөз маржанын сазбен жеткізетін ұлы дала өнерпаздарын анықтайтын «Текті сөздің төресі – терме» атты облыстық жыршы-термешілер байқауы өз мәресіне жетті. Байқауға облысымыздың әр аудан, қаласынан келген көмейіне бұлбұл ұялаған, 16 мен 35 жас аралығындағы өнерпаздар қатысты.
Шарада алғаш болып сөз алған Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев жыл сайын өтіп жүрген дәстүрлі байқаудың үш кезеңнен тұратындығын айтты. Ол: бірінші кезең – мамыр-шілде айларында аудан, қалаларда өткізілген болатын. Байқаудың екінші кезеңі бүгін өтуде. Бүгінгі облыстық байқаудың жеңімпазы үшінші кезең – қазан айында өтетін республикалық байқауға жолдама алатын болады – деп, үміттерін үкілеп келген өнерпаздарға сәттілік тіледі.
Байқау қатысушыларына 2019 жыл Жастар жылы деп жариялануына байланысты, және Сүгір жырау Бегендікұлының 125 жылдық мерейтойына орай тақырыптық бағыттардағы шығармаларды орындау ұсынылды.
Байқауға қатысқан 15 үміткердің ішінен жетісулық мақамымен көзге түскен талғарлық Рахымбай Ермек бірінші орынға ие болды. Екінші орынды Іле ауданынан келген Қазбекова Айзада мен Алакөл ауданынан келген Айдос Тұрар өзара бөлісті. Ал байқаудың үшінші орыны текелілік Арғын Нұрдана, Талдықорған қаласының намысын қорғаған Бақтияр Ұлжан және Кербұлақ ауданынан келген Үмбетбаев Азаматқа бұйырды.