
«Сөз құндылығы – цифрлық дәуірде» облыстық іс-шарасы өтті
2026 жылғы 3 сәуірде Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен Қарасай ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Қаскелең қаласында «Сөз құндылығы – цифрлық дәуірде» атты облыстық іс-шара өтті.
Іс-шараның мақсаты – цифрлық дәуір жағдайында сөз мәдениеті, тіл тазалығы мен сөз құндылығының маңызын түсіндіру, жастарды саналы, жауапты әрі мәдениетті тілдік қарым-қатынасқа тәрбиелеу, интернет кеңістігінде сауатты сөйлеу дағдыларын дамыту.
Шараға Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Салтанат Дауыспекқызы Беспаева, аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбекұлы, депутаттар, тіл мамандары, зиялы қауым өкілдері, жастар, аудан тұрғындары және этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты.
Басқарма басшысы Салтанат Дауыспекқызы өз сөзінде қазіргі кезеңде технологияның қарқынды дамуы ақпарат алмасу үдерісін жаңа деңгейге көтергенін атап өтті. Сонымен қатар, интернет пен әлеуметтік желілердің қоғамдағы пікір қалыптастырудағы рөліне тоқталып, мұндай уақытта сөздің жауапкершілігі мен мәдениеті бұрынғыдан да маңызды екенін жеткізді.
Ол өз сөзінде:
«Сөз – тек ақпарат жеткізудің құралы емес, ол – ұлттың жаны, халықтың рухани айнасы. Сөз қадірін сақтау – ұлттық құндылықтарды сақтау» – деп атап өтті.
Шара барысында Серік Қалиевтың «Мақал-мәтел мағыналары» кітабының тұсаукесері өтіп, «Мақал – сөздің маржаны» атты байқау ұйымдастырылды. Байқаудың мақсаты – мемлекеттік тілді цифрлық дәуірде дамыту, ұлттық тәрбиені нығайту, жастардың ой-санасын қалыптастыру және тіл мәдениетін насихаттау.
Байқауға 50 өнерпаз қатысып, көрермендер Тас дәуіріндегі «Шамандар» биін, сондай-ақ ақпараттық-цифрлық дәуір көріністерін (компьютер, интернет, смартфон) және «Қарасай жастары» театрының өнерін тамашалады.
Іс-шара соңында өңірдегі тіл саясатын жүзеге асыруға ерекше үлес қосқан азаматтар басқарма басшысының арнайы номинацияларымен марапатталды.