
Қонаев қалалық кітапханасының ғимаратында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы қызметкерлерінің қатысуымен «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған түсіндіру шарасы өткізілді.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Ділмұрат Сайфуллаұлы Сунатиллаев және аталған басқарманың бас маманы Дархан Нұртілеуұлы Мұхамедияров қатысып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі бағыттары, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау мәселелері және адалдық қағидаттарын нығайтудың маңыздылығы туралы кеңінен ақпарат берді.
Шара барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын сақтау және қоғамда парасаттылық құндылықтарын дәріптеу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алды. Кездесу барысында заң үстемдігін қамтамасыз ету мен қызметтік міндеттерді адал әрі жауапкершілікпен атқарудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.