Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өткізілді.

Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өткізілді.

Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өткізілді.

Мемлекет басшысы:

«Ғылыми-техникалық прогресс жаһандық экономиканың сипаты мен адамдардың тұрмыс салтының жылдам өзгеруіне ықпал етіп отыр. Күні кеше ғана қиял-ғажайып болып көрінген технологиялар бүгін шындыққа айналуда. Мұндай жағдайда еліміздің технологиялық және ғылыми-инновациялық дербестігін нығайту үшін бізге барлық мүмкіндікті пайдалану маңызды.

Жасанды интеллектіні дамытудың перспективасы зор. Кейбір бағалаулар бойынша жасанды интеллект 2030 жылға қарай әлемдік ЖІӨ-нің 7 пайызын қамтамасыз етеді. Ал 2027 жылға қарай жаһандық жасанды интеллект нарығының капитализациясы 400 миллиард доллардан асады.

Бүкіл әлемде жасанды интеллект адам еңбегін алмастырып жатыр. Медициналық диагностика және заңгерлік кеңес беру сияқты күрделі салаларда да кеңінен қолданыла бастады. Тіпті, нейрожелілер сурет салып, музыка, өлең жазады.

Елімізде жасанды интеллект қауіпсіздік жүйесі, медицина, банк қызметі, логистика, білім беру салаларына ойдағыдай енгізіліп жатыр. Осы технологияны меңгерген мықты компаниялар да пайда болды. Соған қарамастан, жасанды интеллект индустриясын одан әрі дамыту үшін мемлекет кешенді қолдау көрсетуі керек. Мәліметтер мен технологиялық инфрақұрылым барынша қолжетімді болуы керек. Сондықтан қолайлы экожүйе қалыптастыру қажет.

Сонымен қатар бізге жасанды интеллектіні дамытатын тиісті институттар керек. Қазір Үкімет Жасанды интеллектіні дамыту стратегиясын және Цифрлық кодексті әзірлеп жатыр.

Бұл құжаттар аталған саладағы зерттеу жұмыстарына және әзірлемелерді іс жүзінде қолдануға жағдай жасауы керек. Сондай-ақ бизнес пен жоғары оқу орындары үшін технологиялық инфрақұрылымдар мен мәліметтер базасын қолжетімді етуге тиіс. Жасанды интеллектіні адамзат игілігіне қызмет ету үшін дамыту маңызды. Сондықтан этикалық стандарттарды белгілеу, мәліметтерді қорғау және осы саладағы киберқауіптің алдын алу ісіне ерекше мән берген жөн.

Жасанды интеллектіні реттеу мәселесі бүгінде ұлттық және жаһандық деңгейде жиі талқыланады. Мысалы, жақында ЕуроОдақта (Artificial Intelligence Act) тиісті заң қабылданды.

Цифрлық дәуір жаңа активтің, яғни деректердің пайда болуына ықпал етті. Олар жасанды интеллект пен машиналық үйренудің негізгі шикізаты саналады. Сондықтан мемлекеттік органдар мен оларға бағынышты ұйымдардың деректер қорын интеграциялаумен белсенді айналысу керек.

Күрделі ғылыми міндеттерді шешу және қолданбалы жобаларды жүзеге асыру үшін жақын арада елімізде жасалып, іске қосылатын суперкомпьютерлердің мүмкіндігін барынша жұмылдыру қажет.

 Дербес тіл моделін әзірлеу – жасанды интеллект саласындағы болашағы зор бағыттың бірі. Қазір қазақ тілі моделін жасау жұмысы қолға алынып жатыр. Осы жұмысқа сегіз ғылыми-зерттеу институты мен жоғары оқу орнынан тұратын консорциум тартылды. Бұл бастама цифрлық дербестігімізді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мемлекеттік тілді дамытуға мықты серпін береді.

Жасанды интеллект саласында маман тапшылығы бар екенін білесіздер. Бұл мәселені тез арада шешу қажет. Әрине, нақты жұмыстар да атқарылып жатыр. Еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарында Google және Huawei сияқты көшбасшы компаниялардың арнайы курстары ашылды. Корея, Қытай елдеріндегі жетекші білім ордаларымен келісімге қол жеткіздік. Білім алмасып, мамандарды бірлесе даярлау туралы уағдаластық бар. Бізге өскелең ұрпақтың жаңа цифрлық технологияны еркін меңгергені керек. Сол үшін орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы білім бағдарламаларын қайта қарау қажет. Әсіресе, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін үйренуге баса мән берілуге тиіс.

Жалпы Үкімет жасанды интеллект саласын жан-жақты дамытуға барынша назар аударуы керек. Бұл жұмыста Ұлттық кеңес мүшелерінің әлеуетін пайдаланған абзал. Кеңес құрамындағы жұмыс тобына ұсынылған сарапшылар тізімін бекітуді тапсырамын. Олар жасанды интеллект индустриясындағы өзекті мәселелерді шешуге белсене қатысуға тиіс».