Қазақстанның ғарыштық байланысына 20 жыл

Қазақстанның ғарыштық байланысына 20 жыл

Бүгін Қазақстанның Ұлттық байланыс және хабар тарату операторы – Республикалық ғарыштық байланыс орталығы 20 жылдық мерей-тойын атап өтуде. Салтанатты шараға ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, «РҒБО» АҚ басшылары мен қызметкерлері, мемлекеттік органдар мен министрліктің ведомствоға бағынысты ұйымдарының өкілдері қатысты.

Министр Бағдат Мусин өз сөзінде Қазақстан 20 жыл ішінде бұл бағытта біраз жұмыс атқарғанын және бүгінде мақтануға тұрарлық жетістіктер бар екенін атап өтті.

«Біріншіден, бұл өзіміздің байланыс және хабар тарату спутниктерінің болуы. «KazSat» сериясының үш ұлттық байланыс спутнигі ұшырылды, оның екеуі геостационарлық орбитада сәтті жұмыс істеуде. Екіншіден, бұл ғарыш аппараттарын басқаруға арналған бірегей жерүсті ғарыш инфрақұрылымы. Бүгінде біз Қазақстанның өзінің ұлттық ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесі, өзінің орбиталық жиілік ресурсы, ең бастысы, ғарыштық байланыс инженерлерінің кәсіби командасы бар екенін мақтан ете аламыз», - деді Бағдат Мусин.