Идеядан өз стартабыңа дейін 90 күнде: Startup Orda Қазақстан өңірлері үшін жаңа мүмкіндіктер ашады

Идеядан өз стартабыңа дейін 90 күнде: Startup Orda Қазақстан өңірлері үшін жаңа мүмкіндіктер ашады

Қазақстанда IT-кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған өңірлік инкубациялық бағдарламаның екінші легі — Startup Orda 2.0 басталды. Бағдарлама дайын идеясы болмаса да, кез келген адамға небәрі 3 ай ішінде өз стартабын іске қосуға мүмкіндік береді.


Жаңа лег қыркүйек айында басталады. Бағдарлама Қазақстанның төрт қаласын қамтиды: Шымкент, Семей, Орал және Қонаев.


Startup Orda — Astana Hub-тың өңірлік хабтары негізінде жүзеге асырылатын, жаңадан бастаушы кәсіпкерлерге идеядан бастап алғашқы жұмыс істейтін өнімді (MVP) әзірлеуге дейінгі толық жолдан өтуге көмектесетін практикалық әрі тегін офлайн-бағдарлама. Қатысушыларды трекерлермен және салалық сарапшылармен қарқынды жұмыс, тәжірибелік воркшоптар, бизнес-модельді дамыту және гипотезаларды нақты нарықта тексеру кезеңдері күтеді.


«Startup Orda — кәсіпкерлік жолын енді бастаған жандарға арналған бағдарлама. Біз қатысушыларға тәжірибелік жұмыс, трекерлерден тұрақты кері байланыс алу және гипотезаларды тестілеу арқылы қажетті дағдылар мен кәсіпкерлік ойлау қабілетін қалыптастыруға көмектесеміз. Сонымен қатар, қатысушылар тек білім алып қана қоймай, өз жобаларын дамытуға нақты мүмкіндіктерге де ие болады», — деді Astana Hub өңірлік даму офисінің директоры Сағындық Нұржан.


Startup Orda бағдарламасының тиімділігі тек статистикамен ғана емес, оның түлектерінің жетістіктерімен де дәлелденіп отыр. Олар өз шешімдерін нарыққа шығарып, Қазақстан өңірлерінде кеңейтіп келеді.


Мәселен, Шымкенттен шыққан Puls AI стартабы — жасанды интеллект негізіндегі жеке медициналық ассистент — Smart City Shymkent жобасының бір бөлігіне айналды. Бұл шешім пилоттық режимде қаланың 13 мемлекеттік емханасында енгізіліп, медициналық мекемелер тарапынан оң бағасын алды. Бүгінде жоба коммерцияландыру кезеңіне өтіп, №2 қалалық емханамен келісімшарт жасасты.


Тағы бір жарқын мысал — Қонаев қаласындағы Zhihaz.kz стартабы. Жоба Қазақстанда жиһазға тапсырыс беруге арналған цифрлық платформаны дамытуда. Ол Алматы облысы бойынша өткен Digital Kazakhstan Battle жартылай финалында бірінші орын алып, республикалық Digital Kazakhstan байқауының финалистерінің қатарына енді. Бұл өңірлік IT-жобалардың жоғары әлеуетін тағы бір мәрте көрсетті.


Startup Orda бағдарламасы жаңадан бастаушы кәсіпкерлер арасында жоғары сұранысқа ие екенін дәлелдеп үлгерді. 2025 жылы бағдарламаға қатысу үшін
Қазақстанның 16 өңірінен 752 өтінім келіп түсті, ал 205 стартап бағдарламаны сәтті аяқтады.
2026 жылы Startup Orda бағдарламасы өңірлерде жалғасын тапты: бірінші лекке елдің алты өңірінен 821 өтінім қабылданды. Қазіргі уақытта бағдарлама жалғасуда, ал қатысушылар оның негізгі кезеңдерінен өтуде. Осылайша, екі жыл ішінде Startup Orda бағдарламасына қатысу үшін барлығы 1 573 өтінім берілді.


Бүгінде Startup Orda тек стартаптарды іске қосуға көмектесіп қана қоймай, бәсекеге қабілетті өнімдер жасай алатын, өңірлердегі инновацияларды дамытатын және Қазақстанның Орталық Азиядағы ең қарқынды дамып келе жатқан технологиялық орталықтардың бірі ретіндегі позициясын нығайтатын жаңа буын технологиялық кәсіпкерлерін қалыптастырып келеді.
Өтінім қабылдау қазірдің өзінде ашық.

Бағдарламаға 23 тамызды қоса алғанда дейін өтінім беруге болады.