
Алматы облысының цифрлық технологиялар басқармасы ұйымдастырған «Кәсіби қызметте жасанды интеллект технологияларын қолдану» тақырыбындағы оқыту семинарларының кезеңдік циклі аяқталды.
Оқытудың қорытынды кезеңі Алматы облысы әкімінің аппаратының мемлекеттік қызметшілері мен облыстық басқармалардың қызметкерлеріне арналды.
Семинар барысында қатысушылар жасанды интеллект технологияларын кәсіби қызметте қолданудың заманауи мүмкіндіктерімен танысып, құжаттарды дайындау, ақпаратты өңдеу, жұмыс процестерін автоматтандыру және мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға арналған AI құралдарының практикалық қолданылуын меңгерді.
Сонымен қатар, мемлекеттік басқару жүйесіне цифрлық шешімдерді енгізу, жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз пайдалану және мемлекеттік қызметшілердің цифрлық құзыреттерін дамыту мәселелері қарастырылды.
Оқыту семинарлары кезең-кезеңімен өткізіліп, мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, құқық қорғау органдарының өкілдерін, сондай-ақ Алматы облысы әкімінің аппараты мен облыстық басқармалардың қызметкерлерін қамтыды.
Аталған іс-шаралар мемлекеттік қызметте цифрлық мәдениетті қалыптастыруға, цифрлық сауаттылықты арттыруға және жасанды интеллект технологияларын тиімді қолдану дағдыларын дамытуға бағытталған.