Alatau City-де eVTOL аэротаксиінің алғашқы демонстрациялық ұшуы өтті

Alatau City-де eVTOL аэротаксиінің алғашқы демонстрациялық ұшуы өтті

Қазақстан Орталық Азияда алғаш болып қалалық әуе мобильділігінің экожүйесін таныстырды

Alatau City алаңында Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен тік ұшып-қонуға арналған электрлі ұшу аппаратының (eVTOL) алғашқы демонстрациялық ұшуы өтті. Әлемде аэротакси ретінде танымал бұл технология еліміздегі жаңа буын көлік жүйесін дамытудағы маңызды қадам болды.

Жоба қазақстандық Alatau Advance Air Group Ltd. (AAAG) компаниясының жеке инвестициялары есебінен АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея және Италияның жетекші технологиялық серіктестерімен бірлесіп жүзеге асырылуда. Өңірдегі қалалық әуе мобильділігін дамытуға бағытталған инвестициялардың жалпы көлемі 300 миллион АҚШ долларына бағаланады.

Таныстырылымның басты оқиғасы бір пилот пен бес жолаушыға арналған AutoFlight Prosperity әуе аппаратының ұшуы болды. 13 электр қозғалтқышымен жабдықталған аппарат сағатына 200 шақырымға дейін жылдамдықпен ұшып, бір қуаттаумен 200 шақырымға дейінгі қашықтықты еңсере алады. Электрлі қозғалтқыштың арқасында бұл көлік түрі қоршаған ортаға зиянды СО₂ шығарындыларын бөлмейді және өте төмен шу деңгейімен ерекшеленеді. Халықаралық қауіпсіздік талаптарына сәйкес алғашқы сынақ ұшуы бортта адамсыз жүзеге асырылды.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, eVTOL аппараттарының демонстрациялық ұшуы қалалық әуе мобильділігі технологияларының тұжырымдамалық кезеңнен нақты іске асыру кезеңіне өткенін көрсетеді.

«Бүгінде Қазақстан жаңа буындағы көлік жүйесін дамыту жолында маңызды қадам жасап отыр. Alatau City үшін бұл жай ғана көлік жобасы емес, ақылды қаланың жаңа инфрақұрылымын қалыптастыру. Біз аэротакси, вертипорттар, цифрлық навигация және жүк дрондарын қамтитын тұтас экожүйені дамытуды көздеп отырмыз. Осылайша елімізде “төмен биіктік экономикасының” негізі қалануда», – деді Жаслан Мәдиев.

Іс-шара барысында Қытайдың Keeta Drone және АҚШ-тың A2Z компанияларының жүк жеткізуге арналған ұшқышсыз жүйелері, сондай-ақ Korea Airports Corporation мен Shenzhen Urban Transportation Planning Center әзірлеген UATM цифрлық навигациялық платформасы таныстырылды. Бұл шешімдердің барлығы қалалық әуе мобильділігінің бірыңғай экожүйесінің құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады.

Аэротаксиді өңірдің көлік инфрақұрылымына енгізу мақсатында Alatau City аумағында алғашқы вертипорттың құрылысы басталды. Бұл – ұшу аппараттарын қондыруға, ұшыруға және қуаттауға арналған арнайы алаң. Жобаны халықаралық UrbanV компаниясы жүзеге асыруда. Болашақта әуе желісі Alatau City, Алматы қаласы және Алматы облысының негізгі туристік бағыттарын байланыстырады. Алдын ала есептеулер бойынша Алматы халықаралық әуежайынан Медеу спорттық-туристік кешеніне дейінгі жол небәрі 10–12 минутты құрауы мүмкін.

AAAG компаниясының мәліметінше, жобаның мақсаты тек жаңа технологияны енгізу емес, сонымен қатар инфрақұрылымды, инженерлік құзыреттерді және қазақстандық мамандар үшін жаңа жұмыс орындарын қамтитын толыққанды индустрия қалыптастыру болып табылады.

Қалалық әуе мобильділігін дамыту үшін қажетті құқықтық негіз де қалыптасуда. 2026 жылғы 8 мамырда Мемлекет басшысы «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға қол қойды. Заң Urban Air Mobility бағытында эксперименттік құқықтық режимдер мен арнайы әуе аймақтарын құруды көздейді. Қазіргі уақытта AAAG мемлекеттік органдармен бірлесіп жаңа саланы реттеуге арналған шамамен 40 нормативтік-құқықтық актіні әзірлеуге қатысуда.

Сонымен қатар AAAG компаниясы AutoFlight компаниясымен V2000 және V5000 сериялы 50 аппаратты жеткізу жөніндегі меморандумға қол қойды. Келісім техника жеткізумен қатар технологиялар трансферін, қазақстандық мамандарды даярлауды және техникалық қызмет көрсету мен жөндеудің өңірлік орталығын құруды қамтиды.

Morgan Stanley және McKinsey халықаралық сарапшыларының бағалауынша, алдағы онжылдықтарда қалалық әуе мобильділігі әлемдік экономиканың ең қарқынды дамитын салаларының біріне айналады. Қазақстан бүгіннің өзінде осы жаһандық технологиялық трендке қатысу үшін қажетті инфрақұрылым мен нормативтік базаны қалыптастырып жатыр.