Мемлекет кепілдік берген заң көмегін ұсыну және алу тәртібі

Мемлекет кепілдік берген заң көмегін ұсыну және алу тәртібі

Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабы, 3-тармағына сәйкес әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар, заңда көзделген реттерде заң көмегі тегін көрсетіледі деп белгіленген.

Мемлекет кепілдік берген заң көмегін (бұдан әрі - МКБЗК) алуға және ұсынуға қатысты заңнамалық құқықтық қатынастар «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі-заң) реттелген.

Заң көмегін алуға құқығы бар жеке және заңды тұлғаларға Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген негізде және тәртіппен, тегін негізде көрсетілетін заң көмегі мемлекет кепілдік беретін заң көмегі деп танылады және заң көмегінің нысандарының бірі болып табылады.

МКБЗК:

1) мемлекеттік органдар «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен, өз құзыреті шегінде құқықтық ақпарат беру түрінде өтеусіз;

2) адвокаттар Заңда белгіленген тәртіппен;

2-1) заң консультанттары Заңда белгіленген тәртіппен;

3) нотариустар «Нотариат туралы» ҚР Заңында белгіленген жағдайларда және тәртіппен өтеусіз;

4) жеке сот орындаушылары «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» ҚР Заңында белгіленген жағдайларда және тәртіппен, әлеуметтік маңызы бар істер санатын орындау кезінде өтеусіз көрсетеді.

Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, МКБЗК өзге тұлғалар өтеусіз көрсете алады.

Құқықтық ақпарат беру түріндегі МКБЗК тегін алуға барлық жеке және (немесе) заңды тұлғалардың құқығы бар.

Құқықтық консультация беру түріндегі МКБЗК:

1) алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға;

2) мәртебесіне немесе жағдайына байланысты құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойынша сексуалдық зорлық-зомбылық, адам саудасы, терроризм актісі құрбандарына не азаптауларға ұшыраған құрбандарға;

3) асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;

4) жұмысына байланысты денсаулығының зақымдануынан келтірілген не қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;

5) Ұлы Отан соғысына қатысушылар, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, жасы бойынша зейнеткерлер болып табылатын, кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жеке тұлғаларға;

6) кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша көпбалалы отбасыларға;

7) кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жан басына шаққандағы орташа айлық кірістері облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен табысы аз адамдарға (отбасыларға) Заңда және ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсетіледі.

Соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түріндегі МКБЗК:

1) ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылатын адамға;

2) Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес талап қоюшыға не жауапкерге және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасына сәйкес талап қоюшыға;

3) ҚР қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге Заңда және ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсетіледі.

Жоғарыда көрсетілген 1, 2 және 3-тармақтарында көрсетілген тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағында мемлекет кепілдік берген заң көмегін тұрғылықты жеріне және тұрған жеріне қарамастан алуға құқылы.

МКБЗК-іне мұқтаж тұлғаның мүддесіне орай оның өкілі заңдарда белгіленген тәртіппен осындай көмек көрсету туралы өтінішхатпен жүгіне алады.

МКБЗК-іне мұқтаж тұлғаның:

1) МКБЗК-іне теңдей қол жеткізуге;

2) өз құқықтары, міндеттері және МКБЗК көрсету шарттары туралы ақпарат алуға;

3) МКБЗК көрсететін тұлғаларға тегін заң көмегін көрсету үшін өтініш жасауға;

4) МКБЗК ҚР заңнамасында көзделген тәртіппен алуға немесе оны алудан бас тартуға;

5) МКБЗК көрсететін тұлғалардың әрекеттеріне не әрекетсіздігіне Заңда және ҚР заңнамасында көзделген тәртіппен шағым жасауға;

6) МКБЗК көрсетілген мәселенің құпиялығына құқығы бар.

Өзіне Заңның 15-бабының 2) және 3) тармақшаларында көзделген, МКБЗК көрсету туралы өтінішхатпен жүгінген тұлға:

1) өзінің МКБЗК алуға құқығын растайтын, тізбесін уәкілетті орган бекітетін құжаттарды ұсынуға;

2) МКБЗК көрсету шарттарына ықпал ететін мән-жайлардың өзгергені туралы уақтылы хабарлауға;

3) МКБЗК көрсету қажеттігіне негіз болған ақпараттың анықтығын қамтамасыз етуге міндетті.

Сонымен қатар, егер өтініш иесі жүгінімнің құқықтық сипаты болмаса, құқықтық ақпарат беру түріндегі МКБЗК көрсетуден бас тартылады.

Мынадай негіздердің бірі болған кезде:

1) өтініш иесі МКБЗК алуға құқығы бар, Заңның 26-бабының 2 және 3-тармақтарында көзделген тұлғалар санатына жатпаса;

2) өтініш иесі жүгінімнің құқықтық сипаты болмаса, құқықтық консультация беру, қорғау және өкілдік ету түріндегі МКБЗК көрсетуден бас тартылады.

МКБЗК көрсетуден бас тарту уәжді болуға тиіс және оған уәкілетті органға, сотқа ҚР заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

Сондай-ақ, МКБЗК ұсыну мен алуға қатысты өзге де мәселелер Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 28 қыркүйектегі № 1462 бұйрығымен «Адвокат, заң консультанты көрсететін, мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ақы төлеу және құқықтық консультация беруге, қорғауға және өкілдік етуге, сондай-ақ татуластыру рәсімдерін жүргізуге байланысты шығыстарды өтеу қағидаларымен» реттеледі.