Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Қазақстанның транзиттік-логистикалық әлеуетін дамыту, заманауи агрохабтар мен логистикалық орталықтар құрудың стратегиялық маңыздылығын атап өткен болатын. Бүгін Алматы облысында осы міндеттердің нақты іске асуына айқын үлгі болған маңызды оқиға орын алды – Focus Logistics (BAZIS компаниялар тобы) компаниясының «Focus Aksengir» логистикалық паркі ашылды.
Жобаға жалпы инвестиция көлемі 70 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 2024 жылы 13 млрд теңге игерілді. Бірінші кезекте Ozon компаниясы үшін 40 775 шаршы метрді қамтитын заманауи фулфилмент-орталық салынды. Бұл бағытта оффтейк-келісім жасалған.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа парк өңірдің экономикалық өсуіне серпін беретініне назар аударды: «Алматы облысы өзінің географиялық орналасуына байланысты еуразиялық көлік жүйесінің негізгі торабына айналуда. Бұл парк жаңа жұмыс орындарын ашып, шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етіп, өңірдің инвестициялық имиджін нығайтады».
Бүгінгі күні жалпы аумағы 64 545 шаршы метр қоймалар пайдалануға берілді. Ал 2025 жылдың IV тоқсанында тағы 26 000 шаршы метр қойма іске қосылады. Болашақта А+ санатындағы 300 000 шаршы метрге дейін қойма орындарын және қуаттылығы 100 мың TEU болатын контейнер терминалын салу жоспарланған.
Жоба тікелей жұмыспен қамтуға және салық түсімдеріне әсер етеді. Тек Ozon компаниясымен серіктестіктің өзі 4 500 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ал өңір бюджетіне жыл сайынғы қосымша түсім 5 млрд теңгеден асады.
«Бұл нысанды біз жай ғана қойма кешені емес, сауда, инвестиция және бизнестің жаңа мүмкіндіктері шоғырланатын орталық ретінде қарастырамыз. Мұнда мемлекет те, инвесторлар да, жергілікті кәсіпкерлер де ұтады», – деді «Focus Logistics» ЖШС Бас директоры Диас Ғалиев.
Логистикалық парк БАКАД, Аксенгир теміржол стансасы және Қытай, Ресей мен Орталық Азия елдеріне шығатын халықаралық көлік дәліздерімен интеграцияланған.
Сонымен қатар, BAZIS компаниясы 50 000 шаршы метр аумақтағы көтерме-тарату азық-түлік орталығын салуды, сондай-ақ 300 гектардан астам индустриялық аймақты жолдармен, инженерлік коммуникациялармен, жатақханалармен және жеке сұрыптау стансасымен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.