
2025 жылғы 13 қарашадағы №12-04/ ұлттық жобасы «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» жөніндегі Жобалық офис отырысы хаттамасының 2.2 және 2.4-тармақтарын орындау шеңберінде, тұрғын үй көмегін көрсету мәселелері бойынша ақпарат
«Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру жоспарының 166, 167-тармақтарын орындау шеңберінде өнеркәсіп және құрылыс, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері тұрғын үй көмегін көрсету тәсілдерін қайта қарау бойынша жұмыс жүргізді.
Тиісті өзгерістер тұрғын үй көмегін көрсету қағидаларына енгізілді (ҚР ӨҚМ-нің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы №117 «Тұрғын үй көмегін көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы) (бұдан әрі – Қағидалар).
Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен жалғыз тұрғынжай ретінде Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында тұрған тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын, көрсетілетін қызметті алушыларға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):
кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;
коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;
мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.
Көрсетілетін қызметті алушылардың тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың жиыны ретінде айқындалады.
Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеу сомасы мен көрсетілетін қызметті алушылардың осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының жергілікті өкілді органдар 5-тен 10 пайызға дейін белгілеген шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады. Алматы облысы бойынша жергілікті өкілді органдардың шешімдерімен шығыстардың шекті рұқсат етілген деңгейі 10% мөлшерінде белгіленген.
Тұрғын үй көмегі көрсетілген қызметті алушыларға кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға және шығыстар сметасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі. Тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшерiн және тәртiбiн республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi өкiлдi органдары "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 97 бабының 5 тармағына сәйкес айқындайды.
Қағидаларда коммуналдық қызметтерді тұтынудың бірыңғай шекті нормалары белгіленген. Тұрғын үй көмегінің мөлшерін көрсетілетін қызметті беруші мынадай нормалар шегінде есептейді:
1) тұтынушылар үшін газбен жабдықтау жөніндегі коммуналдық қызметті тұтыну нормалары бір адамға он бес текше метрден аспайды;
2) табиғи монополиялар саласындағы қызметті реттейтін өңірлік уәкілетті орган белгілеген нормаларға сәйкес тұтынушы үшін электрмен жабдықтау қызметін тұтыну нормалары;
3) тұтынушы үшін сумен жабдықтау және (немесе) су бұру қызметтерінің нормалары:
бір адамға төрт текше метрден аспайтын суық су;
бір адамға екі текше метрден аспайтын ыстық су;
4) тұтынушыларға арналған жылумен жабдықтау қызметін тұтыну нормалары бір адамға айына нөл бүтін жиырма бес мың гигакалориядан аспайды;
5) қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және әкету (қоқыс шығару) бір адамға алты жүз елу теңгеден аспайды;
6) лифттерге қызмет көрсету бір пәтерге мың үш жүз теңгеден аспайды;
7) телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемді ұлғайту бөлігінде байланыс қызметтері бір абонент үшін мың үш жүз тоқсан тоғыз теңгеден аспайды;
8) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге бір шаршы метр үшін алпыс теңгеден аспайтын шығыстар;
9) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалдау ақысы бір шаршы метр үшін жүз жиырма теңгеден аспайды;
10) бір адамға арналған шаршы нормасы бір адамға он сегіз шаршы метр пайдалы алаң, бірақ жалғыз тұратын адам үшін нақты алынатын алаң отыз шаршы метрден аспайды.
Тұрғын үй көмегін тағайындау тетігі қазіргі уақытта цифрландырылған, бизнес-процесс 13 әрекетті қамтиды.
Анықтама үшін: өтініш беру электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы не халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүзеге асырылады.
Өтінішпен бірге өтініш беруші өткен тоқсан үшін коммуналдық қызметтерге жұмсалған нақты шығыстар туралы мәліметтерді ұсынады. Өтініштер Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік көмек» ААЖ-ына түседі. Табыс, отбасы құрамы және жылжымайтын мүліктің болуы туралы мәліметтер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен автоматты түрде алынады.
Ұсынылған және алынған деректердің негізінде ҚР ЕХӘҚМ-нің «Әлеуметтік көмек» ААЖ-ында тұрғын үй көмегінің мөлшері есептеліп, оны тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылданады.