Цифрлық технологиялардың дамуы азаматтардың күнделікті өмірін едәуір жеңілдетіп, электрондық сервистер мен қызметтердің кең ауқымына қолжетімділікті қамтамасыз етуде.
Сонымен қатар, прогрестің кері әсері де байқалуда – интернет-алаяқтық тәсілдері жетілдіріліп, алдау схемалары күрделене түсуде. Бұл өз кезегінде ұлттық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіреді.
Қаскөйлер әлеуметтік инженерия әдістерін пайдаланып, психологиялық қысым көрсету, азаматтардың ресми органдарға деген сенімін қолдану және олардың цифрлық қауіпсіздік негіздерін жеткілікті деңгейде білмеуін өз мақсаттарына пайдалануда.
Жасанды интеллект технологияларын қолдану ерекше алаңдаушылық туғызады. Атап айтқанда, арнайы дағдылар мен қымбат жабдықтарды қажет етпей-ақ нақты уақыт режимінде жалған аудио және бейнематериалдар жасауға мүмкіндік беретін «Deepfake-as-a-Service» сервистері кеңінен қолданылуда.
Бұдан бөлек, алаяқтар YouTube, Instagram және басқа да платформалар арқылы мақсатты интернет-жарнамаларды тек ықтимал құрбандарды іздеу үшін ғана емес, азаматтарды заңсыз әрекеттерге (дропперлік қызмет, SIM-бокстарды пайдалану, есірткі құралдарының заңсыз айналымы және т.б.) тарту мақсатында да белсенді пайдалануда.
Алаяқтардың әрекеттері салдарынан соңғы төрт ай ішінде республика бойынша шамамен 8 мың интернет-алаяқтық фактісі тіркелген.
Сонымен қатар, халық арасында жүргізіліп жатқан профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жеткілікті деңгейде жүйелі түрде ұйымдастырылмай отыр.
Интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы прокурор Айжан Аймағанова мен спортшы Айтым Жақыповтың қатысуымен үш бейнероликтен тұратын ақпараттық топтама дайындады.
Бірінші бейнеролик 2026 жылғы 18 мамырда Instagram, Telegram, Facebook және TikTok әлеуметтік желілерінде жарияланып, жалпы саны 300 мыңнан астам қаралым жинады.
Екінші және үшінші бейнероликтер тиісінше 2026 жылғы 22 және 27 мамырда жарияланды.
Өз кезегінде, дропперлік қызмет қылмыстық жолмен алынған табысты қолма-қол ақшаға айналдыруға бағытталған дербес қылмыстық құқық бұзушылық болып табылады және ұрланған қаражатты аударғаннан кейін жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, YouTube платформасында прокуратура қызметкерінің жеке деректерін пайдалану арқылы жалған инвестициялық жобаларға қатысты бейнематериалдар таратылған (300 мыңнан астам қаралым).
Оларды жою мақсатында 2026 жылғы 20 мамырда YouTube платформасының әкімшілігіне ресми өтініш жолданып, сол күні аталған контент бұғатталды.
Осындай материалдарда жеке деректері заңсыз пайдаланылған кез келген азамат немесе мемлекеттік орган контентті жою туралы өтінішті келесі сілтеме арқылы өз бетінше жолдай алатыны анықталды:
Google-дың контентті жою нысаны
Өтінішке хаттың сканерленген көшірмесі мен бейнематериалдың скриншоты қоса тіркелуі тиіс.
Жоғарыда баяндалғандардың негізінде:
Бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және қоғамдық ұйымдар арқылы азаматтардың назарын жеке және банктік деректерді үшінші тұлғаларға беруге жол берілмейтініне, сондай-ақ интернет-алаяқтықтың жаңа тәсілдеріне аудару қажет.
Азаматтарға мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдарының өкілдері жеке деректерді, банк шоттарының реквизиттерін, растау кодтарын немесе өзге де құпия ақпаратты алу мақсатында телефон арқылы хабарласпайтынын, сондай-ақ құқыққа қарсы әрекеттер туралы телефон арқылы ескертпейтінін түсіндіру қажет.
Халық арасында, әсіресе мектеп оқушылары, студенттер, білім алушылар және олардың ата-аналары арасында банктік карталарды үшінші тұлғаларға беруге жол бермеу және бұрын берілген барлық төлем құралдарын бұғаттау (жабу) қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.
Алаяқтық сипаттағы мақсатты интернет-жарнамаларды анықтау, мониторингтеу және жедел бұғаттау тетіктерін күшейту қажет.
Барынша кең аудиторияны қамту мақсатында Бас прокуратураның бейнероликтерін келесі Instagram сілтемесі арқылы таратуды қамтамасыз ету қажет:
(2 және 3-бөлімдер белгіленген кестеге сәйкес жарияланады).
Аудандық және оларға теңестірілген прокурорлар үйлестіру шаралары арқылы интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған тиісті профилактикалық іс-шараларды өткізуді, сондай-ақ Бас прокуратура материалдарын әлеуметтік желілерде және прокуратуралардың Instagram парақшаларында таратуды қамтамасыз етсін.
Атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы ақпарат облыс прокуратурасына 2026 жылғы 15 маусымға дейін ұсынылсын.