Үмітке жол ашқан 3 жыл

Үмітке жол ашқан 3 жыл

Қонаев қаласында ерекше білім мен қолдауды қажет ететін балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету тәжірибесі аясында облыстық семинар өтті. Шара Қонаев қаласындағы күндіз болу орталығының ашылғанына үш жыл толуына орай ұйымдастырылды. Басқосу барысында ерекше балаларға кешенді әлеуметтік қызмет көрсетудегі заманауи тәжірибе, жетістіктер мен алдағы мүмкіндіктер талқыланды.
Кездесу барысында арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру, аутизм спектрінің бұзылыстары бар балаларды ерте диагностикалау мен қолдау, әлеуметтік жұмыс саласына кадр даярлау, кәсіби сүйемелдеу және супервизияны дамыту мәселелері кеңіне тоқталды.

Бүгінде орталықта 34 маман еңбек етіп, ерекше білім мен қолдауды қажет ететін 57 балаға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Үш жыл ішінде мекеме тәрбиеленушілердің өмірлік дағдыларын қалыптастыруға және қоғамға бейімделуіне бағытталған жүйелі жұмыстарды жүзеге асырып келеді.

Семинар барысында ерекше балаларды қолдау және әлеуметтік қызмет көрсету саласын дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар ғалымдар мен сала мамандары Алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ, орталықтың әлеуметтік бастамаларына тұрақты қолдау көрсеткен серіктестерге де құрмет көрсетілді. Мұнан соң орталық тәрбиеленушілері мен қызметкерлері өнер көрсетіп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Облыстық семинар тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналып, ерекше балаларға көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын жетілдіруге бағытталған жаңа ұсыныстар мен бастамаларды талқылауға мүмкіндік берді.