Жеке көмекші қызметін көрсету тәртібі қалай жетілдірілуде?

Жеке көмекші қызметін көрсету тәртібі қалай жетілдірілуде?

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру бағытында атқарып жатқан жұмыстары туралы хабарлайды.

Министрлік әзірлеген жаңа жобаның басты мақсаты — жеке көмекші қызметін түсінікті, ашық және адамның нақты қажеттіліктеріне барынша бейімделген ету.

Маңызды ақпарат: Ұсынылып отырған өзгерістер жеке көмекші қызметін жоймайды және мемлекеттік қолдау көлемін азайтпайды. Керісінше, бұл жоба іс жүзінде қызмет алушылар мен көмекшілердің арасында туындап жүрген құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелерді шешуге бағытталған.

Жоба аясындағы негізгі өзгерістер:

Бірыңғай үлгілік шарт Бүгінгі таңда бұл қызмет азаматтық-құқықтық шарт аясында көрсетіледі, алайда қолданыстағы механизм қызметтің көрсетілуін растау тәртібін әрдайым нақты реттей бермейді. Осыған байланысты, Министрлік барлық өңірлер үшін бірыңғай ережелерді бекітетін, даулы жағдайларды азайтатын және қос тараптың құқықтық қорғалуын қамтамасыз ететін үлгілік шартты енгізуді ұсынады.

Нақты қажеттілікке негізделген модель Қызметті адамның нақты мұқтаждығына қарай көрсету моделіне көшу ұсынылуда. Бұл дегеніміз — жеке көмекші қызметі нақты уақыт пен қажеттілікті ескере отырып, әлеуметтік нысандарға бару туралы нақты өтінімдер бойынша көрсетілетін болады. Бұл тәсіл жүйені икемді әрі мүгедектігі бар жандар үшін ыңғайлы етеді.

Төлемдер мен әлеуметтік кепілдіктердің толық сақталуы Қызметтердің рұқсат етілген максималды көлемі үшін төленетін ақы мөлшері бұрынғы деңгейде сақталады. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың (әкімдіктің) қаражаты есебінен аударылатын міндетті әлеуметтік аударымдар, зейнетақы жарналары және МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) жарналары толық көлемде сақталады.

Процестерді цифрландыру Министрлік жобасы аясында өтінім беру және көрсетілген қызметтерді растау процесін цифрлық форматқа көшіру көзделіп отыр. Бұл:

  • қағазбастылықты азайтуға;
  • қызмет алу уақытын жылдамдатуға;
  • бюджет қаражатының жұмсалу ашықтығын арттырып, негізсіз есептеулерді болдырмауға мүмкіндік береді.

Осылайша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған өзгерістер мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларын толық сақтай отырып, жеке көмекші қызметінің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

 

Басқарма бұл бағыттағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастырады.