Талғардағы әлеуметтік орталықта еңбек мәселелері реттелуде

Талғардағы әлеуметтік орталықта еңбек мәселелері реттелуде

Талғар ауданының әкімдігімен бірлесіп түсіндіру кездесулері өткізілді, сондай-ақ басқарма мен еңбек инспекциясы мамандарының қатысуымен қосымша жұмыс жоспарланған. Нәтижесінде қызметкерлер өз жұмыс орындарына оралды. Жағдайды толық реттеу мақсатында 2025 жылғы 30 қыркүйекте басқарма басшысы ұжыммен кездесу өткізеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Аяла» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жұмыс кестесінің өзгеруіне байланысты қызметкерлер тарапынан наразылық туындаған болатын. Бұрынғы басшылық кезінде қызметкерлер бір ауысымда тәулігіне 24 сағат жұмыс істеген, бұл ҚР Еңбек кодексіне қайшы келеді. Сонымен қатар, 83-баптың талаптары – ауысымаралық демалыстың кемінде 12 сағат болуын сақтау – бұзылған.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап жұмыс кестесі еңбек заңнамасына сәйкестендірілді. Алайда жалақы есептеу кезінде кейбір қызметкерлердің айлық жалақысы төмендеп, бұл наразылық туғызды. Бірнеше қызметкер басшылықты ескертпестен мекеме аумағынан шығып, блогерді шақырған.

Қосымша зейнетақы аударымдарының уақытында түспеуіне қатысты шағымдар түсті. Тексеру нәтижесінде қаржыландырудың кешігуіне байланысты кей айларда аударымдар келесі айда жүзеге асқанымен, заң бұзушылықтар анықталған жоқ. Қызметкерлерге бухгалтериямен зейнетақы шоттары бойынша салыстырып тексеру ұсынылды.
Осылайша, бүгінгі таңда орталықтың жұмыс кестесі ҚР Еңбек кодексіне сәйкестендірілді, ұжыммен түсіндіру жұмыстары жалғасуда.