Алматы облысында әлеуметтік қолдау шараларын цифрландыру мәселелері талқыланды

Алматы облысында әлеуметтік қолдау шараларын  цифрландыру мәселелері талқыланды

2025 жылғы 27 маусымда Алматы облысы әкімдігінің ғимаратында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Орынбасарының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік қолдау шараларын цифрлық форматқа көшіру аясында кеңес өтті. Кеңес ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қолға алған Бірыңғай цифрлық платформа арқылы мемлекеттік қызметтерді ұсынудың жаңа моделін енгізу шеңберінде ұйымдастырылды.

Іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Отбасын қолдау орталықтарының қызметін жетілдіру жөніндегі Жобалық кеңсе ұйымдастырды. Кеңес жұмысына Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ерғалиұлы Әбдірахым төрағалық етті.

Жиынға аудан және қала әкімдері мен олардың орынбасарлары, облыстық басқарма басшылары, облыстық прокуратура, полиция және пробация қызметінің өкілдері, аудандық және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің басшылары, Отбасыны қолдау орталықтарының және мансап орталықтарының директорлары қатысты.

Кеңестің басты мақсаты — әлеуметтік қолдау шараларын өңірлік деңгейде цифрландыру, орталықтардың жұмысын жүйелеу, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту болды.

Кездесу барысында қатысушыларға «FSM Social» мобильдік қосымшасы мен «Socium» цифрлық платформасын қолдану бойынша нұсқаулық берілді. Бұл жүйелер өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылармен жұмыс істейтін мобильді топтардың және Отбасын қолдау орталықтарының жұмысын тиімді ұйымдастыруға бағытталған.

Сонымен қатар, жиын барысында цифрлық платформаларды енгізу кезінде туындайтын өзекті мәселелер талқыланып, оларды шешу жолдары қарастырылды.

Цифрлық шешімдерді енгізу — әлеуметтік саладағы ашықтықты арттыруға, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және азаматтарға қолдау шараларын жедел әрі тиімді ұсынуға мүмкіндік береді.