Алматы облысында «Наурызнама» онкүндігі аясында 300-ден астам шара өтеді

Алматы облысында «Наурызнама» онкүндігі аясында 300-ден астам шара өтеді

Алматы облысында көктемнің басты мерекесі – Наурыз мейрамы биыл тың форматта ұйымдастырылады. Өңірлік бағдарламаға сәйкес, мереке «Наурызнама» атты онкүндік аясында өтеді.

Жаңашылдықтың өзегі – ұлттық құндылықтарды заманауи технологиялармен үйлестіру. «Digital Nauryz» бастамасы аясында жасанды интеллект мүмкіндіктері мен цифрлық шешімдер кеңінен қолданылып, мейрам мазмұны жаңа деңгейге көтеріледі.

Мерекелік кезең Көрісу күнінен басталып, барлық аудан мен қалаларда дәстүрлі рәсімдерге негізделген түрлі мәдени жобалар іске асады. Жалпы саны 300-ден асатын шаралар легі тұрғындар мен қонақтарға ұсынылады.

Наурызнама аясында арнайы бағдарламалар медиа кеңістікте жарияланып, әлеуметтік желілерде танымал тұлғалардың қатысуымен онлайн көрсетілімдер ұйымдастырылады. Қоғамдық орындарда мерекелік безендірулер орнатылып, қала келбеті ерекше нақышқа енеді.

Сауда орындарында жеңілдік акциялары өткізіліп, халық көп жиналатын нүктелерде этноауыл үлгісіндегі алаңдар жасақталады. Онда киіз үйлер тігіліп, естелік суретке түсуге арналған арнайы аймақтар құрылады.

Қайырымдылық бағытындағы бастамалар да назардан тыс қалмайды. Балаларға арналған сыйлықтар таратылып, қарияларға құрмет көрсетілетін игі шаралар өтеді. Сонымен қатар тұрғын үйлердің аулаларында көршілік байланысты нығайтатын мерекелік кездесулер ұйымдастырылады.

Табиғатты қорғауға арналған акциялар аясында сенбіліктер өткізіліп, ағаш отырғызу жұмыстары жүргізіледі, бұлақ көздері тазаланады.

Ұлттық ойындар мен спорт түрлері де бағдарламаның маңызды бөлігіне айналады. Ат жарысы, көкпар, қыз қуу, күрес және басқа да дәстүрлі сайыстар көрермен назарына ұсынылады.

Негізгі шара 21 наурызда Қонаев қаласында өтеді. Орталық алаңда ауқымды сахна құрылып, театрландырылған қойылымдар мен танымал әншілердің концерті ұйымдастырылады. Бұл кешке мыңдаған көрермен жиналады деп күтілуде.

Саябақ аумағында қолөнер шеберлерінің көрмесі, ұлттық ойындар және тақырыптық аймақтар жұмыс істейді. Солардың қатарында «Face of Nauryz» пен «Жеті қазына» атты цифрлық кеңістіктер бар.

«Жеті қазына» бөлімінде интерактивті технологиялар арқылы ұлттық мұра мазмұны ерекше форматта ұсынылса, «Face of Nauryz» алаңында келушілердің бейнесі жасанды интеллект көмегімен өңделіп, заманауи стильде ұсынылады.

Сонымен қатар роботтардың қатысуымен қызықты бағдарламалар ұйымдастырылып, автоматтандырылған аспаздық аймақта ұлттық тағамдар дайындалады.