Алматы облысында жаңартылған перинаталдық орталық ашылды

Алматы облысында жаңартылған перинаталдық орталық ашылды

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында жаңартылған перинаталдық орталық пайдалануға берілді. Медициналық мекеме 110 төсек-орынға есептелген және жалпы ауданы 10,8 мың шаршы метрді құрайды.

Нысанды жаңғырту «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылды. Жүргізілген жұмыстар барысында 2007 жылы салынған ғимарат толық жаңартылып, инженерлік инфрақұрылымы жаңғыртылды, сондай-ақ заманауи медициналық жабдықтар орнатылды.

Орталық базасында акушерлік-гинекологиялық және неонатологиялық көмектің толық циклі ұйымдастырылған. Бұл жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге кешенді медициналық көмек көрсетіп, аудан тұрғындары мен жақын маңдағы елді мекендер үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Жаңартылған перинаталдық орталық заманауи технологиялармен жабдықталған және қазіргі медициналық стандарттарға толық сәйкес келеді. Мұнда жүкті әйелдерге, босанатын аналарға және жаңа туған сәбилерге мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған.

Орталықтың ашылуы Алматы облысында денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуға, медициналық көмектің сапасын арттыруға және өңірдегі медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған.