
Алматы облысында балалар тағамын өндіру көлемі артып келеді. Қазақстанда балаларға арналған сүт өнімдерін шығаратын жалғыз зауыт – «Амиран» кәсіпорны өндіріс қуатын ұлғайтып, шикізатты өңдеу көлемін көбейтуде. Кәсіпорын Қазақ тағамтану академиясының бастамасымен құрылған.
Бүгінде өндірісте заманауи технологиялар қолданылып, өнім сапасы барлық кезеңде қатаң зертханалық бақылаудан өтеді. Зауытта балалар тағамына арналған бірнеше түрлі сүт өнімдері өндіріледі.
Кәсіпорынға күн сайын жаңа сауылған сүт жеткізіледі. Өндірістік қуат тәулігіне 15 тоннаға дейін шикізатты өңдеуге мүмкіндік береді. Осы сүттен балаларға арналған бес түрлі сүт өнімі дайындалады. Өңдеу және сапа бақылауынан өткен соң дайын өнімдер сауда орындарына жөнелтіледі.
Шикізаттың бір бөлігі кәсіпорынның жеке фермасынан жеткізілсе, қалғаны өңірдегі шаруашылықтардан жиналып, күн сайын зауытқа тасымалданады.
Зауыттың бас технологы Газиза Бейсекованың айтуынша, ферма Алматы облысының Талғар ауданындағы Шеңгелді ауылында орналасқан. Өнімнің сақтау мерзімі 5-тен 10 күнге дейін. Барлық өнім сол күні алынған сүттен дайындалады: алдымен сүт стерилизациядан өтеді, кейін ашытылады және келесі күні таңертең дайын өнім алынады. Ферма заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген, ал сиырлар қолайлы жағдайда ұсталады. Бұл жоғары сапалы сүт алуға мүмкіндік береді.
Фермада барлық процесс қатаң бақылауда: әрбір сиырдың тектілігінен бастап, сүтті сақтау температурасына дейін назарда ұсталады. Тек сертификатталған вакциналар қолданылады, мал азығы теңгерімді, ал эпизоотиялық қауіпсіздік халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.
Өндіріс барысында сүт ашық ауада жанаспайды. Ол бірнеше сатылы сүзгіден өтіп, химиялық-технологиялық және микробиологиялық талдаулардан өткізіледі.
Кәсіпорын зертханашысы Перизат Уразбаеваның айтуынша, зауыт өнімдерінің сақтау мерзімі қысқа, бұл оның табиғилығын көрсетеді. Мәселен, сүзбенің сақтау мерзімі – 3 күн, ал қаймақ пен сарысу өнімдері 10 күнге дейін сақталады. Зауыт балалар тағамын өндіруге маманданғандықтан, өнімдердің сақтау мерзімі әдейі қысқа.
Бүгінде кәсіпорында 200-ден астам адам еңбек етеді. Өнімнің негізгі өткізу нарығы – Алматы қаласы мен Алматы облысы.
Өткен жылы кәсіпорын өнімі ұлттық деңгейде жоғары бағаланып, «Жылдың үздік фермерлік өнімі» номинациясы бойынша «Ел таңдауы» марапатына ие болды.