Бұл туралы Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов мәлім етті.
Оның мәліметінше, Қонаевта 8 қалалық жағажай бар. Былтыр №5 жағажай бюджет есебінен, ал биыл оның төңірегіндегі 1 шақырым жағажай инвестор есебінен абаттандырылып, қолданысқа берілді.
«Жағажайдың жаңа кейіпке енуі туристік тартымдылықты арттырды. Мысалы, былтыр қаламызға 1,5 млн демалушы келсе, биыл оның саны шомылу маусымы аяқталмай-ақ 860 мыңнан асып кетті. Орта есеппен алғанда №5 жағажайға күнделікті 1500-2000, демалыс күндері 4500-6000 адам келеді. Бұл өте жақсы көрсеткіш», - деді әкім.
Асхат Бердіхановтың сөзінше, 7 жағажай №5 жағалаудың стиліне сәйкестіндіріліп жасалады. Яғни, жобада инфрақұрылым, санитарлық аймақтар, жасыл аймақтар, шағын сәулеттік нысандар, композициялар, демалыс орындары мен фудкорттар, қауіпсіздік шаралары қарастырылады.
«Рауан шағынауданынан бастап 18-шағынауданға дейінгі аумақты қамтитын 6,1 шақырымдық жағалау аймағы кезең-кезеңімен жаңғыртылады. Оның ішінде №5 жағалау қолданыста болса, қалғанының жобалық құжаттары дайындалуда. Биыл шомылу маусымы аяқталған соң, №6 және №7 жағажайда құрылыс жұмыстары басталады деп жоспарлануда. Ал №8 жағажай инвестор есебінен абаттандырылады деп күтілуде», – деді шаһар басшысы.
Сондай-ақ ол коммуналдық жағажайлардан бөлек, 140 демалыс орнына қатысты жоспарлармен бөлісті.
«Қапшағай су қоймасының жағалауында туристік аймақтар өте көп. Оларды да бір реттілікке, қалыпқа келтіру үшін дизайн-код жасалып, ұсыныс беріледі. Кәсіпкерлермен бірлесе отырып, қызмет көрсету сапасын арттыру және демалыс орындарын эстетикалық жағынан үйлестіру көзделіп отыр», - деді Асхат Бердіханов.
Сонымен қатар әкім туризмді дамыту мақсатында бірқатар инвестжобалар жүзеге асатынын атап өтті.
«2025-2028 жылдар аралығында жалпы сомасы 306,4 млрд. теңгені құрайтын 11 инвестжоба жүзеге асады деп жоспарлануда. Оның қатарында қонақ үйлер, бассейндер, гольф-клуб, сауда үйлерін және басқа да нысандар бар. Әкімдік тарапынан қажетті мемлекеттік қолдаулар көрсетіліп жатыр», – деді ол.
Бұған дейін қала әкімі қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша жиын өткізгенін жазғанбыз. Онда тазалық, санитарлық талаптар, қауіпсіздік және тәртіптің сақталуы бойынша нақты тапсырмалар берілген еді.
Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі