Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында Райымбек ауданы, ауылында Ұлы Отан соғысына қатысып, ел тәуелсіздігі мен бейбіт болашағы үшін күрескен батыр Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған есерткіш қайта жаңартылып, ашылу салтанаты болды. Соғыс жылдары аядай ғана Талас ауылынан майданға аттанған 104 азаматтан, 41 азамат оралып, 63 – і яғни жартысынан көбі майдан даласында ерлікпен қаза тауыпты.
Жалпы Шәлкөде ауылдық округінен аттанған майдангерлеріміз Отан үшін ұрыстарда ерен ерлік үлгісін көрсетті. Біз «Даңқ» орденінің ІІ және ІІІ дәрежесімен марапатталған, Севостополь қаласының Құрметті азаматы атанған Жансая Мақышұлының, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иесі Сатыбалды Әбділдаевтың, «Қызыл жұлдыз» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған, капитан дәрежесінде соғысқа қатысып, ерлік көрсеткен Нұрілден Исабаевтың, Жапсарбаев Мәмітәлінің және басқа да барлық майдангерлер мен тыл еңбекерлерінің ерліктері мен қажырлы еңбектерін ешқашан ұмытылмайды.
Ең қуантарлығы – осы ескерткішті жаңартуға бастамашы болған – соғыс ардагерлерінің ұрпақтары. Өз қаражаттары мен уақытын аямай, аталарының аманатын арқалаған ұрпақтың бұл ісі – нағыз азаматтықтың, ұлтқа деген сүйіспеншіліктің белгісі деп білеміз. Ескерткіштің ашылу салтанатына жергілік атқарушы орган өкілдері, ауыл тұрғындары, соғыс және тыл ардагерлерінің ұрпақтары қатысып, ізгі тілектерін жеткізді.