«Мамандықты игеруге алдымен ынта қажет» – Жанат Қалжанова

«Мамандықты игеруге алдымен ынта қажет» – Жанат Қалжанова

«Мамандықты игеруге алдымен ынта қажет» – Жанат Қалжанова

ҚР Президенті 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осыған байланысты біз елге еңбегі сіңіп, халықты жұмыспен қамтып отырған Қонаев қаласының Құрметті азаматы, тігін цехының басқарушысы Жанат Қалжановамен сұқбат құрдық. Ол өзінің сұқбатында өнермен сабақтасқан өмір жолымен, мамандықтың қыр-сырымен, жастарға ақыл-кеңесімен бөлісті.

АНАМ ТІГІНШІ ЕДІ

Анам еңбек сабағынан мұғалім болды. Қартайған шағына дейін тігін тігетін. Кішкентайымнан анама көмектесіп жүретінмін. Осылайша, маған да тігіншілік өнері дарыды. Кейіннен қызым да осы саланы таңдады. Биыл дизайнер мамандығын меңгеріп, ЖОО аяқтайды. Оның бірақ таңдаған бағыты басқа. Қызым той көйлектерін, түрлі стильдегі киімдерді тіккенді ұнатады. Қазірдің өзінде шәкірт тәрбиелеп, жастарды тігін саласына баулуда. Ал мен құрақ көрпенің неше түрлісін ойлап тауып, тігіп, келістіріп, осы бағытта 18 жыл қызмет етіп келемін.

ТІГІН ЦЕХЫН АШУҒА НЕ ТҮРТКІ БОЛДЫ?

2007 жылы «Ана сәулесі» көпбалалы аналар қауымдастығының іргесін қаладым. Ол кезде халыққа жұмыс жоқ, сондай қиын кезең еді. Әкімдіктің мамандары жертөледен кеңсе тауып берді. Сонда көпбалалы аналар барлығымыз бірігіп, шағын тігін цехының жұмысын бастадық. Қазір цехымыз үлкейді. 10-нан астам қызметкеріміз, бірнеше станоктарымыз бар. Қыз жасауын жасап, ел алғысын алып келеміз. Қоғам өміріне белсене қатысып, басқаларға көмек берген еңбегіміз еленіп келеді. Тіпті, шетелдерге тапсырыстарды жеткізіп жатырмыз. Алматының үлкен базарларындағы кәсіпкерлермен де етене жұмыс істеудеміз.

БӘСЕКЕЛЕСТІККЕ ҚАЛАЙ ТӨТЕП БЕРУГЕ БОЛАДЫ?

Бүгінде кәдімгі көрпеден бастап, 3D және күрделі құрақпен жасалған көрпелер тігеміз. Оның ішінде де түр-түрге бөлінеді: құдағи көрпе, махаббат көрпесі, жалғыз кісілік көрпе, төсек жинақтары. Үнемі даму үшін ізденіс үстіндеміз. Біздің басты мақсат – сапаны күннен күнге арттыру. Сондықтан тапсырыс берушілер өте көп, бәсекеліктен де қорықпаймыз. Адал еңбек алтын сапаның көрсеткіші.

МАМАНДЫҚТЫ ИГЕРУ ҮШІН АДАМ БОЙЫНДА ҚАНДАЙ ҚАСИЕТТЕР ТАБЫЛУЫ ҚАЖЕТ?

Кез келген мамандықты меңгеру үшін ең алдымен ынта, қызығушылық қажет. Сонда ғана алынбайтын асу жоқ. Бізге небір қыздар тәжірибе жинауға, жұмысқа тұруға келеді. Бір ай ішінде нәтиже көрсететіндері де, көрсетпейтіндері де болады. Атүсті қараса, қош айтысамыз. Ал егер талпынса, онда қолынан іс келгенше үйретеміз. Жетістіктің кілті осы ынта мен ішкі жігерде жатыр.

Жанат Қалжанова Мансап орталығының ұсынған «Күміс жас», Қоғамдық жұмыс орындары бағдарламалары арқылы да азаматтарды жұмыспен қамтып отыр.

Ол – анадан дарыған тігіншілік өнерін ұрпағына жалғап, он саусағынан өнер тамған қолөнерші ғана емес, сонымен қатар әйелдердің, әсіресе, көпбалалы аналардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлес қосып жүрген азамат.

Жанат апайдың еңбек жолы — жас буынға үлгі. Оның өмірлік ұстанымы мен табандылығы, адал еңбегі мен сапаға деген талабы — кез келген кәсіп иесіне өнеге боларлық.