Қонаевта масаларға қарсы өңдеу басталды
Қонаев қаласында 23 сәуірден бастап безгек масаларына қарсы дезинсекциялық өңдеу жұмыстары басталды. Бұл туралы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы хабарлады.
Жалпы ауданы 70 гектарды құрайтын 60 анофелогенді су айдынында жоспарлы өңдеу «Алматы қаласының дезинфекция орталығы» филиалы мамандарының қатысуымен, СЭБ басқармасының тікелей бақылауымен жүргізілуде. Мақсат — маса мен шіркейлердің санын азайтып, таралуын болдырмау.
Энтомологиялық көрсеткіштерге сәйкес, өңдеу жұмыстары 6 кезең бойынша жүзеге асады. Бұл ретте ҚР аумағында қолдануға рұқсат етілген, адам мен жануарлар үшін аз уытты (3–4 қауіпсіздік класы) «Ципертрин» акарицидтік препараты қолданылады.
Дезинсекциялық бригадалар арнайы техникамен, қажетті құралдармен және жеке қорғаныш құралдарымен толықтай жабдықталған.
Санитарлық шаралар кезеңінде тұрғындардан үй жануарлары мен құстарды далаға шығармауды сұраймыз.