“Біз жағажайдың жаңартылғанын қалаймыз” - Қонаев тұрғындары №4 жағажайды абаттандыру қажеттілігін айтты
Қонаев қаласының әкімдігіне №4 жағажайды жалға алушы кәсіпкердің әрекеттеріне шағымданып, бірнеше тұрғын ресми хат жолдаған болатын. Олардың сөзінше, кәсіпкер қалалық жағажайға кіру үшін адам басына және көлік тұрағына қосымша ақы алып отырған.
Мұндай мәселе Е-өтініш порталы арқылы да, халықпен кездесулерде де көтерілген болатын. Осыған байланысты кәсіпкер мен тұрғындар, әкімдік өкілдері көшпелі кездесу өткізді. №4 жағажайдың қазіргі ұсқынсыз кейпіне қанағаттанбаған Наргез Пилтан, Олжас Баетов, Асия Серікбаева кәсіпкердің ары қарай жұмыс істеуіне қарсы екендерін жеткізді.
Бұл жағажай мемлекет иелігінде екенін айта кеткен жөн. 2024 жылдан бастап жағажай «Жасыл қала Қонаев» ШЖҚ МКК-ға сенімгерлік басқаруға берілген. Ал оған дейін бес жыл қатарынан кәсіпкер мемлекеттен нысанды жалға алып отырған. Сол арадағы бес жылда абаттандыру, қолайлы орта құру бойынша көңіл көншітерлік жұмыс жасалмаған.
Қостараптың уәжін тыңдаған қала әкімі Асхат Бердіханов жұрт Қапшағайға кедергісіз кіріп, демалуы қажеттілігін атап өтті.
Шаһар басшысының тапсырмасына сәйкес, жақын арада қала құрылысы бойынша кеңес өткізіледі. Оған барлық мүдделі тараптар қатысады. Қорытындысында халық үшін тиімді жоба бекітіліп, жүзеге асырылады.
Бұған дейін Қонаевта 5-ші жағажай мен оның маңындағы 1 шақырым аумақ абаттандырылып, қолданысқа берілген. Ал 6 және 7-ші жағажайды абаттандыру «Қонаев ӘКК» АҚ арқылы жүзеге аспақ.
Жалпы барлық демалыс орындарының басшыларына суға кедергісіз өту жайлы хат жолданған. Оның орындалуы үнемі қала әкімдігінің бақылауында болмақ.