Балаларға табиғатты аялау туралы түсіндірілді

Балаларға табиғатты аялау туралы түсіндірілді

Наурыз мерекесінің шуақты күндерінің бірі – Жаңару күні. Бұл күн тек қоршаған ортаны тазарту ғана емес, табиғатты жаңғырту, жасыл желекке қамқорлық таныту арқылы оны келер ұрпаққа аманаттау ұғымын білдіреді.

Осы орайда Қонаев қаласында балабақшалар маңына жас көшеттер отырғызылды. Экологиялық тәрбиенің маңызын ұғындыру мақсатында бұл игі іске балалар да қатысып, табиғатты аялау, жасыл желекті күтіп-баптау туралы мағлұмат алды. Балғындар өз қолдарымен отырғызған көшеттердің жайқалып өсуі үшін қамқорлық жасауға уәде берді.

Сонымен қатар пәтер иелері кооперативтері көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын көгалдандыруға үлес қосса, коммуналдық мекемелердің өкілдері әлеуметтік, әкімшілік нысандардың маңына ағаштар отырғызды.

Бұған дейін қала мектептерінің аумағына 300-ге жуық ағаш егілгенін хабарлаған едік.