Қонаев қаласының әкімі ПИК басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді

Қонаев қаласының әкімі ПИК басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді

Қазіргі таңда Қонаев қаласында 8 Пәтер иелері кооперативі (ПИК) жұмыс жасайды. Мақсат - ПИК-тер мен әкімдіктің бірлескен жұмысын жандандыру. Сондықтан ТҮКШ бөлімінің басшысы, жергілікті полиция қызметі, ПИК өкілдері, коммуналдық қызмет көрсетуші компания мамандары қатысқан жиын барысында қала әкімі Асхат Бердіханов бірнеше мәселені анықтап, нақты тапсырмалар берді.

Оның бірі бейнебақылау камераларына байланысты болды. Қазір қалада 300-ден астам камера орнатылған, қосымша 500 камера қою жоспарланған. Осыған байланысты ПИК қай жерлерге камера қою керек екенін анықтап, тиісті бөлімге өтінім береді. Сондай-ақ полиция басқармасына қарасты жедел басқару орталығының да жұмысын жандандыру қажет. Аталған бағыттағы шаралар жүзеге асса, тазалық пен абаттандыру ережесін бұзған азаматтарды тез анықтауға, қылмыс деңгейінің төмендеуіне мүмкіндік ашылмақ.

Келесі мәселе - ағаштарды санитарлы кесу. Бүгінгі таңда аулалардағы ағаштарды кесуге ПИК-тар жауапты. Алайда, халық тарапынан шағымдар жиі түсуде. Бұл жұмысты орталықтандыру үшін шаһар басшысы «Жасыл қала Қонаев» мекемесімен бірлескен іс-әрекетке көшуді тапсырды.

Сонымен қатар әкім өртке қауіпті кезеңнің басталуына байланысты балалармен түсіндірме жұмыстарын жүргізуді білім бөлімінен бөлек, ПИК-тарға да тапсырды. Қасақана өрт қою үшін Қылмыстық кодексте бап қарастырылғанын халыққа жеткізу керек екенін ескертті.

Жақында 109 бірыңғай нөмірі іске қосылды. Бұл байланыс нөмірі коммуналды қызметтердің апат орын алған жағдайда тез әрекет етуіне, халықтың жарық жүйесі ақаулары, су, кәріз жүйелері, автожол туралы өтінім беруіне арналған. ПИК-тарға аталған орталықпен тығыз қарым-қатынас орнатуды тапсырды. Қалада орын алған кез келген жағдайда жұмыс істеу алгоритмі 109 арқылы болуы қажет екенін баса айтты.

Бұдан бөлек, аулаларды абаттандыру жөнінде ұсыныстар дайындауды тапсырды. Асхат Бердіханов тұрғындардың әр өтініші назардан тыс қалмауы тиіс екенін атап өтті.

Қонаев қаласы әкімінің баспасөз қызметі