Қонаевта 13 000 оқушы бір мезетте ағаш тұқымын егу рәсіміне қатысты

Қонаевта 13 000 оқушы бір мезетте ағаш тұқымын егу рәсіміне қатысты

Бүгін Қонаевта «Жасыл аймақ» акциясы аясында 14 мектептің 13 000 оқушысы бір мезетте ағаш дәнін егу рәсіміне қатысты.

Орта мектеп-гимназияда өткен шарада облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова мен қала әкімі Асхат Бердіханов бой көрсетті.

Шара барысында педагог-зерттеуші балаларға ботаника туралы түсіндіріп, ағаштарды күтіп баптау жайында айтып өтті. Ал оқушылар 5000-ға жуық қылқанжапырақты ағаштың дәнегін арнайы дайындалған ыдыстарға отырғызып шықты.

«Бүгін облыста «Өз ағашыңды өсір» акциясы өтуде. Балалардың белсенді қатысып жатқаны қуантады. Оқушыларды, балақайларды табиғатты аяулап ұстауға үйрету қоғамда маңызды рөл атқарады. Себебі, қала көшелерінің, аулаларының таза болуын қамтамасыз ету, табиғаттың ластанбауы - барлығымыздың жауапкершілігіміз. Естеріңізде болса, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдімекендерде 15 млн ағаш егуді тапсырды. Бүгінгі акция тек тапсырманы орындау үшін ғана емес, қаламызды жасылдандыруға арналып отыр», - деді Асхат Бердіханов пікірін білдіріп.

Жалпы «Жасыл аймақ» апталығында Қонаевта 1500 түп жасыл желек отырғызу жоспарланған. Бұл жұмысқа кәсіпкерлер, әлеуметтік мекемелер, білім ошақтары белсенді қатысып жатыр.