Қаланы кезекті рет аралау

Қаланы кезекті рет аралау

Бүгін Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов орталық саябақ пен күрделі жөндеуден өтіп жатқан 5-жағажайды аралап шықты.

Орталық саябақта адамдар демалуға арналған жерде екі түрлі фонтан орнатылған. Оның бірі білезік іспеттес жасалып, екіншісі мәрмәр тасынан тұрғызылған. Бұдан бөлек, жерге төселген тастары ауыстырылып, саябақтың жазуы өзгертілген. ТҮКШ бөлімінің басшысы Дархан Қарағонысовтың сөзінше, күрделі жөндеу кезінде жасылдандыруға ерекше көңіл бөлінген.

«Алдымен қаланың климатын зерттеп алып, кейіннен 5 түрлі ағаштан 584 түп ектік. Жалпы газонымен қосып есептегенде жасылданған жердің аумағы 5200 шаршы метрді құрайды. Ал парктің көлемі – 8 гектар. Күрделі жөндеуге 984 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды», – деді компания өкілі.

Парктегі сахна мен көрермен отыратын жер де толығымен жөндеуден өткен. Мұнда кәсіпкерлер сауда жасауы үшін біркелкі дүңгіршектер орналастырылады. Оған бюджеттен қаражат бөлінбейді. Саудагерлер өз қаржысына салып, жан-жағын күтіп ұстайтын болады.

Тағы бір өзгеріс – футбол алаңы мен спорт алаңының тұрғызылуы. Алаң салу үшін құжаттарға өзгеріс енгізілген.

Сондай-ақ парктің жарық бағаналары ауыстырылып, заманауи шамдар орнатылған. Тұрғындар отырып демалатын 160 орындық қойылған. Мұнда кафе, балаларға арналған батут, көліктер де бар. Олар жеке кәсіпкерлердің иелігінде.

Ал 5-жағажайдағы құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталған. Мұнда халық демалу үшін барлық жағдай жасалады. Яғни, киім шешетін орын, дәретханалар, қоқыс жәшігі – барлығы жобада қарастырылған. Аталғандардан бөлек, бұл жерде адамдарды күннің көзінен сақтау үшін шатырлар қойылған. Құтқарушылар отыратын жер де бар. Фотоаймақ, пирс та салынып жатыр. Ауданы 1 гектардан астам болатын жобаның аяқталу мерзімі жаз айларына жоспарланып отыр. Көшпелі жиын нәтижесінде қала әкімі шомылу маусымы кезінде туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтіп, нысандардың сапалы тұрғызылуы қажет екенін айтты.