ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

Бүгін шаһар басшысы Асхат Бердіханов қаладағы құрылыс нысандарын аралады. Ең алдымен ол "Маяк" тұрғын үй кешеніне барды. Мұнда жаттығу залы, кафе және жазғы терраса, супермаркет ашу жоспарлануда. Ауданы - 15736 шаршы метр. Аяқталу мерзімі 2024 жылғы 4 тоқсаны деп жоспарланған. Әкім бұл жерде тұрақтың кішкентай екенін айтып, мәселені шешу жолын табу қажеттілігін сөз етті.

"272 пәтерге жоспар бойынша жасалатын тұрақ тым кішкентай болып тұр. Қазір бір үйде кем дегенде бір көлік бар. Сондықтан әр нысанды саларда мәселеге кешенді түрде қарау қажет. Тұрақ проблемасын тез арада шешіңіздер", - деді Асхат Бердіханов.

Бұдан соң шаһар басшысы "Аристократ" тұрғын үй кешеніне барды. Аталған кешендегі пәтерлер бизнес класс санатында салынуда. Қазір 100 пәтерлік көпқабатты үй бой көтеруде, қосымша 452 пәтерлік кешендер салу жоспарланған. Тұрақ 350 көлік сиятындай салынып жатыр.

Ал "Сан сити" кешенінде болған әкім балалар алаңын кеңейту жөнінде айтты.

"360 пәтер 3 блокта орналасқан. Аулада 3 сырғанақтан басқа ештеңе көріп тұрғаным жоқ. Мәселені шешу мақсатындағы ұсыныстарыңызды дайындаңыздар", - деді шаһар басшысы.

Сондай-ақ Асхат Бердіханов жағажайда салынып жатқан "Кроссфит" алаңына, күрделі жөндеуден өтіп жатқан "Шошқалы сай" каналына, бірнеше тұрғын үйлерге ат басын бұрды.

"Бүгін аталған түйткілдер бойынша жиын өткіземіз. Барлық құрылыс компанияларының өкілдерін қабылдаймын. Құрылыс қарқынды жүргенінен басқа, нысандардың сапалы болуына да көңіл бөлгеніміз жөн", - деді Асхат Бердіханов.

Бұған дейін Қонаев қаласының әкімі тағайындалғанын жазғанбыз.