Осындай тақырыпта Қонаев қаласының Мәдениет үйінде сән көрсетілімі өтті. Көрсетілімге тігіншілер, күнделікті тұрмыста қазақы киімдерді киіп жүретін қыз-келіншектер, ерлер, балалар қатысты.
Соның бірі - елге танымал, жұрт құрметіне бөленіп жүретін көпбалалы ана, тігінші Жолдықыз Жұмағұлова. Тігінші қолөнерге анасының жолын қуып келгенін айтады.
"Анам өмірінің соңына дейін кимешек киіп өтті. Бала кезімнен киімдеріне қызығып жүрдім. Кейін қолыма ине алып, түрлі стильдегі көйлектерді, тақияларды, сәукелелерді тіге бастадым. Киім ғана емес, қыз жасауын да жасаймын. Оның ішінде махаббат көрпесі де, құрақ көрпелер, кішігірім көрпешелер де бар. Әр киімді байырғы қалпын жоғалтпай дәріптеуіміз қажет", - деді Жолдықыз апа.
Қолөнерші осы күнге дейін бірнеше байқауларға қатысқан. Тіпті, Қырғызстан республикасының мәдениет министрлігінің Алғыс хатын иеленген, Қазақстанның "Асыл ана" медалінің, 6 баланы дүниеге әкелгені үшін "Күміс алқаның" иегері атанған.
Шарада қыз-келіншектер әшекей бұйымдарын, бас киімдерін, сырт киімдерін түгелдей таныстырып, көрерменді қызықтыратын сұрақтарға жауап берді. Мысалы, бас киімге үкіні не үшін тағады? Дәстүрлі қазақ қоғамында үкі қасиетті құс саналған. Сондықтан халық үкі қауырсындарын жас нәрестенің бас киіміне, бесігіне таққан. Қасиетті құс сәбиді жын-шайтаннан қорғайды, оның тыныш ұйықтауына септігін тигізеді деп сенген. Осыдан келіп, қыздар мен сері жігіттер бас киімдеріне, жас келіндер екі бұрымына сәндікке Үкі тағуды дәстүрге айналдырған.
Сондай-ақ сән көрсетілімінде қатысушылар өз өнерлерін де ортаға салды.
Қонаевта Наурыз мейрамына арналған салтанатты кештердің легі ары қарай да жалғасады. Жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылып, шаһар аумағындағы аулаларға, көше бойына ағаштар егіледі.